Қазақстанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Штрихи к портрету” деректі фильміне негізделіп жазылған кітабы жарыққа шығады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді.
“Алдағы күндері Елбасының “Штрихи к портрету” деректі фильміне берген сұхбаты негізінде кітап жарыққа шығады. Кітапқа жобаның телевизиялық нұсқасында көрсетілмеген материалдар енгізілген”, – деп жазды ол Twitter парақшасында.
Кітаптың авторы Нұрсұлтан Назарбаевтан сұхбат алған журналист Айгүл Әділова.
“Штрихи к портрету” – Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған көп бөлімді деректі фильм. Фильм Елбасының эксклюзивті сұхбаты негізінде түсірілген. Бірінші бөлім 1 желтоқсан Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні көрермен назарына ұсынылды.