Қалалық қоғамдық-саяси газет

Петропавлда жаяу жүргіншілер өткелінде екі оқушыны көлік қағып кетті

0 172

Петропавлда автокөлік жаяу жүргіншілер өткелінде екі оқушыны қағып кетті, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz асайтына сілтеме жасап.

Елді дүрліктірген видео әлеуметтік желіде пайда болды. Бейнежазбада үш мектеп оқушысының жолдан өтіп бара жатқан сәті көрсетілген. Бір көлік балаларды өткізу үшін тоқтаған, ал екіншісі бар жылдамдықпен екі баланы қағып кетті.  Балалар көліктің капотына құлап, сосын соққыдан ондаған метрге ұшып кеткен.

Оқиғаға СҚО ІІД баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«20 желтоқсан күні сағат 14:00 шамасында Жұмабаев көшесінің бойында реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде Mercedes-Benz жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жарақат алған 2008 және 2009 жылы туған жасөспірімдер түрлі дене жарақаттарымен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде”, – деп мәлімдеді полиция басқармасы.

Қазіргі уақытта полицейлер істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті тергеп-тексеруде, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Ал, әлеуметтік желіде қала тұрғындары бұл аумаққа бағдаршам орнатуды сұрап жатыр, өйткені жақын жерде білім орындары бар, балалар күн сайын тәуекелге барады, жолды кесіп өтеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен екі баланың жағдайы орташа ауыр деп түсіндірді.  Олар қажетті ем-домын алып жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.