Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд доллардан асты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлімдеді,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
«Ауқымды реформалардың арқасында отандық экономиканың көлемі 2,5 есе ұлғайды. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі доллар эквивалентінде 13 есе өсті. Бұл біздің елді Орталық Азияда сөзсіз көшбасшы етті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстанға 370 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
«Бұл көрсеткіш бойынша жан басына шаққанда біз барлық посткеңестік кеңістік пен бірқатар Шығыс Еуропа елдерінен озамыз. Қазақстанның халықаралық резервтері 90 млрд доллардан асады», – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, еліміз өңірлерді, көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізді. Соның арқасында 13 мың шақырым автожол мен 2 700 шақырым теміржол салынып, қайта жөнделді.