Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұғырың берік болсын, Тәуелсіздік!

0 243

 

«Баласағұн» орталық концерт залында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараның шымылдығы LED-экраннан Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, кәсіпкерлік саласының үздігі Сәуле Рысбаева, ақын Үміт Битенова, мәдениет саласының үздігі Асылхан Шүңіреков, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, қоғам қайраткері Қасымхан Төлендиев сынды сан сала үздіктерінің шаһардың отыз жылда жеткен жетістіктері жайында сыр шерткен бейнеролигімен түрілді.

Жиында қала әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындарды осынау атаулы күнмен құттықтап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, белсенділігімен көзге түсіп жүрген азаматтарға мерекелік марапат тапсырды.

– Құрметті қала тұрғындары және қонақтары! Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Осы уақыт аралығында елімізде саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында аса ірі жетістіктерге қол жеткіздік. Тәуелсіздік жылдарында қаламызда ықшамаудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. 17 мектеп, 30 балабақша, 22 шағын орталық, 7 денсаулық нысаны, 221 спорт кешені елге есігін айқара ашты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан «Таразға тарту» жобасының да тұрғындар толайым жемісін көрді. Отыз жылдың ішінде халықтың сұранысы мен құндылықтары өзгерді. Кеңес үкіметі тұсында азық-түліктің өзін кезекпен алатын замандар өтті. Ал бүгінгі жастарға әлемнің кез келген жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік қарастырылған. Бастысы, осы оң өзгерістердің барлығы төл тәуелсіздігіміздің арқасында жеткен биігіміз екенін ұмытпайық. Әсіресе жастар осы мәселені жадында сақтауы тиіс, – деді Ержан Жұматұлы.

Бұдан соң шаһар басшысы «Халық алғысы» медалімен «КазОптСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азат Зауырбековті «Дана-Дель» тігін шеберханасының басшысы Бақыткүл Тоқтыбаеваны, «Барчиной» сауда үйінің директоры Шәкәрім Закировті марапаттады. Сондай-ақ қала әкімі атаулы күнге орай «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», мерекелік медалін, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, сондай-ақ Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасын қаланың даму жолында жемісті еңбек еткен азаматтарға табыстады.

Өз кезегінде қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев қала басшысымен бірге «Тараз қаласының Құрметті азаматы» атағымен бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұл құрмет «Жамбылхимстрой инженеринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юрий Минаковқа, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының жерасты құбырларын қорғау қызметінің бастығы Шайнияз Тілеубаевқа, «Әдемі қыз жасауы» тігін шеберханасының меңгерушісі, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтановаға, №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Балабек Нарбаевқа және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асановқа бұйырды.

Салтанатты жиынның соңы елге танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.