Қазақстанның Әнұранын әлемдік жарыстарда шатастыру жиілеп кетті. Әйтеуір жылда бір-екі ел міндетті түрде білгенінен жаңылады,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Желтоқсан айының басында Испанияда өткен гандболдан әлем чемпионатында да осы тектес оқиға қайталанды. Бірақ оған бас ауырта қойғанымыз шамалы. Еліміздің символына құрметсіздік танытқан жарыс қожайындарының әрекетіне құзырлы министрлік пен федерациялар қашанға дейін көз жұма қарайды?
Біз осы ретте бұған дейінгі спорттық додалардағы әлем елдерінің мемлекеттік Әнұранымызды мазақ еткен тұстарын еске түсіріп көрдік. 2013 жылы 15 қаңтарда Жоғары хоккей лигасы «Тверь» хоккей клубы қарағандылық «Сарыарқа» командасымен болған матч алдында Қазақстанның Әнұранын шатастырып алған. 2014 жылы да Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстанның ескі Әнұраны шырқалды. 2015 жылы Финляндияда өткен хоккей лигасында «Барыс» – «Йокерит» ойынында дәл осындай жағдай қайталанды. Сол жылы Хорватиядағы Golden Spin турнирінде әйгілі мәнерлеп сырғанаушымыз Денис Тен топ жарып, марапаттау рәсімінде бұрынғы Әнұранымыз тағы қосылды. 2015 жылы Ауыр атлетикадан Ресей Федерациясы президенті кубогы кезінде қазақстандық зілтемірші Илья Ильинді марапаттау кезінде көршілеріміз білместік танытты. 2015 жылы Ресейдің Хабаров қаласында каратэ киокушинкайдан өткен әлем чемпионатының марапаттау рәсімінде де жарысты ұйымдастырушылар ескі Әнұранды қосты. Қиырдағы басқалар болса бірсәрі, көршіміздің бұл әрекетін түсіне алмағандар көп болды. Ал олар кешірім сұраумен құтылды.
2017 жылы қарашада Сочиде өткен самбодан әлем чемпионатында Қазақстан Әнұранының шатасып қойылуына байланысты РФ Самбо федерациясы кешірім сұрап, хат жолдады. Сол чемпионатта қазақстандық Есет Қуановты марапаттау барысында жарысты ұйымдастырушылар тарапынан қателік кетті. Есесіне, трибунада отырған отандастарымыз орындарынан түрегеліп, Әнұранды әуелете шырқады.
2017 жылы 17 маусымда Сингапурдағы ММА бойынша Азия чемпионатында Қазақстан спортшысын марапаттау рәсімінде тағы ескі Әнұран қосылды. Бұл жолы да ұлттық құраманың мүшелері Әнұранды өздері шырқады.
2020 жылы 30 қаңтарда Мексиканың Куэрнавака қаласында өткен Садриддин Ахмедов пен Стивен Даньоның кездесуі алдында жарыс қожайындары Қазақстан Әнұранын шатастырып алды. Жекпе-жек алдында олар Канаданың гимнін қосты. Кездесу аяқталған соң боксшымыз жарыс қожайындарына наразылығын білдірді.
Кувейттегі жарыста бірінші орын алған қазақстандық спортшы Мария Дмитренконы марапаттау кезінде жарысты ұйымдастырушылар Қазақстан Әнұранының орнына британдық комик Саша Коэеннің «Борат» фильмінде айтылған әнді қосты. Мұны енді бүтін бір елді мазақ ету, мемлекеттік рәміздерін аяққа таптау десе де болады. Өйткені спортшылар марапаттау рәсімінен бұрын ұйымдастыру комитетінен Қазақстанның Әнұраны бар-жоғын сұраған. «Гимннің бар екенін айтқан ұйымдастырушылар оны интернеттен көшіріп алса керек»,– дейді спортшылар. Ең сорақысы, спортшы Мария Дмитренко сол «Бораттың әні» ойналып біткенше қолын жүрек тұсына қойып, сол әуенді байсалды түрде тыңдап тұрды. Кейін ұйымдастырушылар кешірім сұрап, ертеңінде болған марапаттау шарасында Қазақстанның өз Әнұранын қайта қосты. Алайда «Борат» фильмін 2006 жылы көрсетуге тыйым салған санаулы елдің бірі Кувейт билігі бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Сан алуан халықаралық шаралар барысында, оның ішінде көбінесе спорттық сайыстарда Қазақстан Әнұранын ескі нұсқасымен немесе «Борат» кинофильміндегі әнмен шатастырып алу деректері ішінара кездесіп тұрады. Тіпті, ел ішінде, Қостанай қаласында, 2012 жылы шетелдік әнші Рики Мартиннің әні қойылып кетіп, бірнеше секундтан соң мемлекеттік Әнұранға ауыстырылған бола-тын.
Әнұранымызды шатастырып, мазаққа айналдыру әлем елдері үшін қалыпты жағдайға айналды. Жаңа мемлекеттік Әнұран 2006 жылы жаңартылғанымен, қаншама рет шатастыру жағдайы тіркелді. Ендігі кезекте осындай олқылықтарды алдағы уақытта болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданып, лайықты деңгейде жұмыстар жүргізілсе дейміз. Әйтпесе, мемлекеттік Әнұранымызды шатастырушылар көбеймесе, азаймайды.