Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шымкентте зағип қарияның әйелі мен балдызы қыстың суығында өз күшімен үй тұрғызды (фото)

0 316

Шымкентте жасы жетпістен асқан, екі көзі де көрмейтін қарияның оқиғасы қуанышты жағдаймен аяқталды. Күннің суығында далада қалған қария мен оның жұбайына желі қолданушылары көмектесіп, зейнеткерлер өздері соққан жылы үйге қоныстанып үлгерді. Ақсақал бүгінде өзіне көмек берген барша жанға алғыс айтты, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Шыңғысхан Абылайханов жұбайы Қалимамен бірге ай-күннің аманында далада қалды. Бұған дейін тұрып келген үйлерін қарияның қызы сатып жіберген. Кейін оларды өзі алып берген пәтерге қоныстандырады. Алайда, қызы бұл пәтерді уақытша жалға алғанын қариялар кейін біледі.

«ЖОЛДАСЫМНЫҢ ҚЫЗЫ ҮЙДІ САТЫП ЖІБЕРДІ. БІЗГЕ БІР ПӘТЕР АЛЫП БЕРІП, КІРГІЗІП КЕТКЕН. БІРАҚ ОЛ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР ЕКЕН. ҮШ АЙДАН СОҢ ҮЙДІҢ ИЕСІ КЕЛІП, БІЗДІ ҚУЫП ШЫҚТЫ. КҮЗДІҢ ҚАРА СУЫҒЫНДА ДАЛАДА ҚАЛДЫҚ. МЕНІҢ ЕРТЕРЕКТЕ ҚЫЗЫМА АЛЫП ҚОЙҒАН ЖЕРІМ БАР ЕДІ. ОЛ ЖЕРГЕ ТЕК ІРГЕТАС ҚАНА ҚҰЙЫЛҒАН, БАСҚА ЕШТЕҢЕ ЖОҚ. ПӘТЕР ЖАҒАЛАП ЖҮРГЕНШЕ, ӨЗІМІЗДІҢ БАСПАНАМЫЗ БОЛСЫН ДЕГЕН ОЙ КЕЛДІ. ЖАСЫМЫЗ КЕЛІП ҚАЛСА ДА, СІҢЛІМ ЕКЕУМІЗ ТӘУЕКЕЛ ЕТІП, ҮЙДІҢ ҚАБЫРҒАСЫН ТҰРҒЫЗДЫҚ. ШАТЫРЫН ЖАПТЫҚ. БІРАҚ КҮН СУЫДЫ, ҚОСЫМША ЖҰМЫС КҮШІ, ҚАРАЖАТ ЖОҚ. СОНДЫҚТАН, ӘРІ ҚАРАЙҒЫ ҚҰРЫЛЫСҚА ШАМАМЫЗ ЖЕТПЕЙТІН ЕДІ», — ДЕЙДІ ҚАРИЯНЫҢ ЖҰБАЙЫ ҚАЛИМА.

Күннің суығында мұздай балшық ұстап, үй салып жатқан екі әйелді блогер Динара Дәрменбаева байқап қалады. Себебі, ол өзі де осы маңайдан үй салып жатқан. Жасы келген аналардың құрылыс жасап жүргені Динараның жанына батып, жағдайларын сұрау үшін үйге бас сұғады. Ал жылуы жоқ, тек қана құр қабырғаның ішінде жетпістен асқан зағип ақсақал да бар екен.

«БҰЛ ЖАҒДАЙ МАҒАН ҚАТТЫ ӘСЕР ЕТТІ. ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА ҮЙ САЛУ ӨТЕ ҚИЫН. ҚАНШАМА ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ЖАЛДАСАҚ ТА, ӨЗІМІЗ ОЙЛАҒАН ҮЙДІ БІТІРЕ АЛМАЙ ЖАТЫРМЫЗ. АЛ МҰНДАЙ СУЫҚТА ЖАЛАҢ ҚОЛМЕН БАЛШЫҚ ҰСТАП, ҮЙ САЛЫП ЖАТҚАН ЕКІ ӘЙЕЛДІ КӨРІП, ЖҮРЕГІМ АУЫРДЫ. ЖАНЫМ АШЫП, ШЫДАЙ АЛМАДЫМ. КЕЙІН БЛОГЫМДАҒЫ ОҚЫРМАНДАРДАН КӨМЕК СҰРАП, ОЛАР АҚША ЖИНАП, АТА МЕН ӘЖЕЙДІҢ ҮЙІ БҮТІНДЕЛІП ҚАЛДЫ. «КӨП ТҮКІРСЕ КӨЛ ДЕГЕН». ҮЛКЕННІҢ АЛҒЫСЫН АЛЫП ОТЫРМЫЗ», — ДЕЙДІ ДИНАРА ДӘРМЕНБАЕВА.

Қариялардың күші мен қаражаты үйдің қабырғасын көтеріп, шатырын жабуға ғана жеткен. Желі қолданушыларынан жиналған ақшаға үйдің ішкі құрылысы түгел жасалып, төбесі мен қабырғалары түзетілді. Үйге жылу кіргізілген жоқ. Алайда оларға тағы бір блогердің көмегімен пеш қойылып берілді. Қариялар өз зейнетақыларына үйдің бітпеген тұстарын реттеп алуды көздеп отыр. Олар алдағы уақытта көпшілікке рахмет айтып, құдайы тамақ бермекші.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.