Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атыраулық полицейлер суға секіріп кеткен қызды құтқарып алды

0 212

Кеше түнде Атырауда 14 жастағы қыз көпірден секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болды. Әлсіреген қызды полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 12 желтоқсан күні сағат 22:20 шамасында болған. Жайық  өзеніне секірген қызды тұрғындар көріп қалып, полиция қызметкерлеріне хабар берген.

Хабарлама бойынша оқиға орнына барған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Исатай Тұрсынғалиев және Ғалым Қалбаев су үстіне жарық түсіру арқылы шолу жасап, батып жатқан қызды байқаған. Уақыттың тығыздығын сезген тәртіп сақшылары құтқаруға кіріскен. Көліктен арқан жіпті алып, беліне байлап, Ғалым Қалбаев қызды құтқаруға суға түскен.

Арқанның екінші шетін ұстаған Исатай Тұрсынғалиев көмекке келген әріптестерімен арқанды ұстап, Ғалым Қалбаевтың артынан сақтандыру мақсатында жүзе бастаған. Себебі аязды күні суық суда жүзу, өзен ағымымен алға сүйреген ағыстың ығына берілмей жағаға жету күш-жігерді талап етеді. Тәртіп сақшылары қыз баланы 20 минут шамасында жаға алып шықты.

Полиция қызметкерлері ес-түссіз жатқан қызды жағаға шығарып бірден жасанды тыныстандыру жаттығуларын жасаған. Тіршілік белгілері болғанымен жасөспірім денесі қатты салқыннан әлсіреп қалғанын сезген олар, жедел жәрдемді күтпей, бірден жақын маңдағы №5 емханаға шақыруға шешім қабылдап, қызметтік көлікпен өздері де емханаға жол тартқан.

“Ойланатын уақыт болмады. Құтқарамыз деп бірден суға түсуге кірістік. Су мен ойлағаннан да салқын болып шықты. Бірақ бар ойым батып бара жатқан қызды құтқару болды. Әріптесім арқанның екінші ұшын ұстап тұрды, кейін артымнан жүзіп келе жатқанын сезіп тез қимылдап жағаға үшеуміздің де аман-есен шығуымыз үшін барлығын жасадым. Уақыт санаулы болды”, – деді Ғалым Қалбаев.

Жасөспірім қыздың не үшін осындай қадамға барғаны белгісіз. Оны ауыр хәлде ауруханаға жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.