Қалалық қоғамдық-саяси газет

ҚР Мемлекеттік хатшысы Жамбыл облысындағы әлеуметтік және туристік нысандарды аралады

0 412

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, әлеуметтік және туристік нысандардың жай-күйімен танысты,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Жұма, 10 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге түнгі Тараз қаласын аралап, «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағын, «Көне Тараз», «Тектұрмас» тарихи-этномәдени кешендеріне барды.

«Арбат» аллеясы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан кесенесінің арасын жалғап жатыр. Мұнда ежелгі Тараз тарихынан сыр шертетін 22 травертин тақтасы, 320 метрлік сазды субұрқақ, сәндік элементтермен әрленген орындықтар қойылған.

«Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің аумағында шолу алаңдары бой көтеріп, Әулие-Атаның 13 метрлік мүсіні, 10 метрлік Лауха (скипетр), қағандардың есімдері жазылған хан шатырлары түріндегі 14 ескерткіш орнатылған.

Кешенге кіре берісте Аңырақай және Атлах шайқастарының суреттері бар үлкен барельефті қабырға орналасқан. Ғажайып архитектуралық шешімдермен сабақтаса отырып, Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамал» келушілерге ерекше әсер сыйлайды.

Қырымбек Көшербаевтың облыстағы жұмыс сапарының екінші күні Тараздағы үстел теннисі және көркем гимнастика спорт кешенін аралаудан басталды. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылысы жеке демеушінің есебінен жүзеге асқан. Сыйымдылығы 600 адамдық кешен үстел теннисі (300 адам) және көркем гимнастикаға (300 адам) арналған екі үлкен залдан тұрады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев нысанның әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін халықаралық стандарттарға сай салынғанын жеткізді.

Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығында болып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздікке тәубе» атты салтанатты шараға қатысты.

Қонақтар қазақ, өзбек, орыс, дүнген, тәжік, башқұрт ұлт өкілдері әзірлеген ұлттық тағамдарының фестивалін тамашалады. Көп балалы аналар ұзындығы 30 метр болатын мерекелік дастархан жайып, барлығына ыстық бауырсақтардан ұсынды.

«Асыл әжелер» ансамблінің, Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйі әртістерінің өнері көпті сүйсіндірді.

«Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали​ мекеменің қызметі қоғамдағы әйелдердің мәртебесін арттыруға, қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескере отырып, болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталғанын хабарлады.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ана мен баланы қолдау мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Ел болашағы – бесіктен басталады. Ана мен бала денсаулығын қорғау Мемлекетіміздің стратегиялық дамуының негізгі басым бағыты болып табылады. Көп балалы аналарға​ ​ жан – жақты қолдау көрсету шаралары жалғаса береді, – деді Қ. Көшербаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.