Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірде 221 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынған

0 287

   Биыл өңірде 113 895 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне кері қайтарылған. Сот шешімімен Талас ауданында 1 086 гектар, Байзақ ауданында 12, 45 гектар, Қордай ауданында 208 гектар жер осы санатқа енген. Енді Жуалы ауданындағы 61 гектар, Қордай ауданындағы 334 гектар жер бойынша құқыққа қайшы қабылданған шешімдердің күшін жою туралы талап-арыз сотта қаралуда,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек баспасөз конференциясында толығырақ айтты. Өңірде ауыл шаруашылығындағы жерлерді зерделеу үшін әр ауданда жұмысшы топтар құрылған. Сонымен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 269 891 гектар жайылымда мал жайылатыны белгілі болған. Осылайша жалпы көлемі 20 479 гектар болатын 221 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 630 гектар жайылымдық жерді пайдаланушылар өз еріктерімен мемлекет меншігіне қайтарды.

  –Аталған жұмысшы топ облыс аумағында бас-аяғы 271 623 гектар жердің бос жатқанын анықтаған. Соған сәйкес 2022 жылдың соңына дейін осы жерді қайтару бойынша қайта жоспар бекітілді. Сондай-ақ біздің инспекторлар құрамы наурыз-сәуір айларында аудан әкімдіктерінің жерді рәсімдеу заңдылығына профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Жуалы ауданы әкімдігі былтыр конкурас арқылы берілуі тиіс «Бірлік» жер қоры аумағындағы 1,6 гектар жерді азамат Г.А.-ның жеріне заңсыз түрде айырбастап бергені анықталды,–деді Әбілхайыр Ғалымұлы.

   Сол секілді Шу ауданының әкімдігі былтыр 4 аукцион өткізіп, 19 жер учаскесін сатқан екен. Бірақ жерді рәсімдеу барысында заңбұзушылық орын алғаны белгілі болған. Бұған қоса Жуалы аудандық жер комиссиясы мен Б.Момышұлы ауылдық округінің әкімі Рысбек батыр көшесі бойынан дүңгіршек орнатуға көлемі 0,0132 гектар жер учаскесін 5 жылға заңсыз бергені тағы бар. Сондықтан мемлекет иелігіндегі жерлерді пайдаланушар өз ісін заң жүзінде іске асыруы қажет. Себебі аудандарда жайылымдық жерлерге қолы жетпей жүрген шаруалар көп.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.