Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздықтар Жол картасы жобасының жемісін көруде

0 522

Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Тараз қаласының әкімі

Тәуелсіздіктің 30 жылында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен ерен еңбегінің нәтижесінде еліміз саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткізді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Елбасының стратегиясын одан әрі жүзеге асырып келеді.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері мен құнды шешімдерінің қабылдануы «Nur Otan» партиясының қатысуымен өткенін халқымыз жақсы біледі. Бірақ уақыт көші үнемі өзгерістерді талап ететіндіктен, «Nur Otan» партиясы да Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаңару жолына түсіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасы қабылданып, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Жол картасы әзірленді.
Бұл құжат еліміздің әрбір өңіріндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта Тараз қаласының тұрғындары осы Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылып жатқан жобалардың жемісін көре бастады.
Көне шаһарда партияның 2025 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына 107 іс-шара бойынша 112 көрсеткіш енгізілген. Ағымдағы жылы 86 іс-шара бойынша көрсеткіштерге қол жеткізу көзделген болса, он айдың қорытындысы бойынша 50 көрсеткіш (58,1%) орындалды. Қалған көрсеткіштер жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде.
Жол картасына енгізілген көрсеткіштердің орындалу жайы партияның Тараз қалалық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестерде, қала әкімшілігінде өткізілген жиналыстарда және өңірлік жобалық топ отырыстарында 23 рет талқыланды.
Қала көлеміндегі бірқатар өзекті мәселелер партияның қолдауымен шешімін тауып келеді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 287 млрд 228,1 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 106 пайызды, ауыл шаруашылығы саласында 10 млрд 638,7 млн теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 84 млрд 373,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,9 пайызға орындалды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 37 млрд 361,7 млн теңгені құрады немесе нақты көлем индексі 103,1 пайыз болды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 257,9 мың шаршы метрді немесе нақты көлем индексі 105,3 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 207 млрд 254,1 млн теңгені немесе нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады.

Әлеуметтің әлеуеті артып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Есепті кезеңде 6192 отбасына 1 млрд 64,1 млн теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде 2929 отбасындағы 11 716 адамға 81,1 млн теңгенің тұрғын үй көмегі, 3263 отбасындағы 16 236 адамға 983,0 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып, төленді.
Кепілдендірілген әлеуметтік пакет бойынша «Magnum Cash&Carry» ЖШС арқылы АӘК алушы отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 3719 бала 22 732 азық-түлік топтамасымен және тоқсанына бір рет 6175 химиялық заттар жиынтығымен қамтылды.
Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларымен 9722 азамат қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 5910 адам, қоғамдық жұмыс орындарына – 1097 адам, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту арқылы – 932 адам, жастар тәжірибесі бойынша – 297 адам және басқа да бағыттар бойынша 1486 адам орналастырылды.
Мемлекет тарапынан кәсіп ашуға тиімді жағдайлар қалыптастыруға бағытталған жан-жақты бастамалар қолға алынуда. Бұл жағдайда қарапайым халық өздері қалаған іспен шұғылданып, елдің өркендеуіне септігін тигізетін болады.
Мысалы, «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы 17 жобаны 43 млрд 133,6 млн теңгеге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2021 жылы субсидия тетігі бойынша Тараз қаласында 838 жобаны 12 млрд 276,1 млн теңгеге қаржыландырды.
«Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» тетігі аясында 732 жоба 5 млрд 391,1 млн теңгеге кепілдендірілді.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 39 азаматқа 418,5 млн теңге шағын несие және жоспардан бөлек, реинвест есебінен 6 адамға 59,0 млн теңге несие берілді.
Республикалық бюджеттен 502 адамға 291,7 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланып, қаржы толық игерілді.

Баспана – бақыт шамы

Аса өзекті болып отырған бұл мәселе қаламызда шешімін тауып келеді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен бекітілген мемлекеттік бағдарламалар Тараз қаласында да өз нәтижесін беруде.
Қалада тұрғын үй кезегінде 20 617 адам тұр. Ағымдағы жылы кезек реттілігіне сәйкес, кезекте тұрған 314 мұқтаж азаматқа пәтер берілді. Жыл соңына дейін 90 отбасына 45 пәтерлік екі тұрғын үйден пәтер беру жоспарланып отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша ағымдағы жылы – 348, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 416 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу есебінен жоспар бойынша ағымдағы жылы 1520 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған болса, нақты 2125 пәтер беріліп, меже асыра орындалды.

Инфрақұрылым игілігі тұрғындардың тұрмысын түзеуде

Тараз қаласы облыс орталығы болғандықтан, инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Сондықтан қазіргі уақытта қалада инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Себебі тұрғындардың жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін бөлу жөніндегі сұраныстары жылдан-жылға өсіп келеді. Осы мәселелерді шешу мақсатында қала аумағындағы қоныстану аймақтары игерілу үстінде. Қазіргі уақытта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталған «Құмшағал» аумағынан 1460 жер телімі қала тұрғындарына кезек реттілігіне сәйкес үлестірілуде.
Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жобасы аясында көппәтерлі 57 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылы «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандары мен 28 саяжай, «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7», «Арай-2» тұрғын алқаптарын электрмен жабдықтау және «Көктем» тұрғын алқабында газ тарату желісінің 2-ші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Абай даңғылы бойындағы Т.Тастандиев көшесінен бастап Майқы би көшесіне дейінгі, Ы.Дүкенұлы көшесінің бойындағы су сорғыш станциясынан бастап Элеваторная көшесіне дейінгі су құбырларын қайта жаңғырту жобалары іске асырылуда.
Өткен жылдан өтпелі «Қарасу» алқабындағы сумен қамту нысаны ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін газ және электрмен қамту жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Қаладағы 26 көшеге ұзындығы 44,4 шақырым жол және 12,5 шақырым шағал жөндеуден өткізілді. Оның ішінде 30 жылдай асфальт жабындысы салынбаған Сухамбаев көшсінің 3 бұрылысы, Әулиеата, Есенин көшелері бар.
30 аялдаманы жаңадан орнату және бұрыннан бар 30 аялдаманың негізін төсеу жұмыстары жоспарланып, заманауи аялдамалар орнатылды.
14 ауланы заманауи абаттандырдық. Сондай-ақ ағымдағы жылы 7 кіші футбол алаңшалары ағымды жөндеуден өткізілді, бүгінде «Тастақ», «Родничок», «Рассвет» алқаптарына кіші алаңшалар орнату, «Мамыр» саябағындағы алаңшаны жөндеу жұмыстары басталды.
34 көше мен бұрылысқа көше жарығы орнатылды. Сондай-ақ демеушілер есебінен 6 көше мен бұрылыста осындай жұмыстар жүргізілді.
14,0 млн теңгеге қаладағы саябақтар мен скверлерге және қала көшелерінің бойына 2000 урна және қоқыс жинайтын 100 контейнер орнатылды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау алаңшаларын ретке келтіру жұмыстарына құны 50,0 млн теңгеге шарт жасалып, 65 алаңшаны жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық көлік тасымалдаушы мекемелермен автобус парктерін жаңарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «City-Bus» ЖШС-мен 10 бірлік «Golden Dragon» маркалы үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алынды. Енді «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан 10 бірлік, «City-Bus» ЖШС тарапынан 50 бірлік автобус сатып алынады.

Білім мен денсаулық саласында серпін бар

Негізгі құндылықтардың арасында бұл екі ұғымның мәні де, мағынасы да ерекше. Осы орайда қала көлемінде бұл қос саланы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Биылғы жыл қаланың білім беру саласы үшін табысты болды. Мектеп бітірген оқушылардың арасында Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 100-ден жоғары балл алғандар көрсеткіші 18,7 пайыздан 28,1 пайызға дейін көтерілді.
Ағымдағы жылы №2,16,22 орта мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді және №31 орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Шалғай Қарасу» алқабындағы 600 орынды жаңа мектеп құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 600 орынды үш мектептің құрылысына 3,2 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жаңа модификациялы 15 кабинет алуға 153,4 млн теңге қарастырылып, жабдықтар алынуда.
«Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында 7 мектепке 50,8 млн теңге қаражатқа турникеттер орнатылып, 59 мектептегі бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде.
Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 1-6 жас аралығындағы балалар көрсеткішін жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы жыл соңына дейін 88 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Облыс әкімінің қолдауымен қалада медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, сапасын көтеруге бағытталған нақты жоспар бекітіліп, мақсатты шаруалар қолға алынуда. Биыл 200 орынды облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталды.
Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында 26 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Шымкент қаласында Беларусь мемлекеті мамандарының қатысуымен өткізілетін көшпелі семинарға 6 дәрігерді қатыстыру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы облысымызға жолданған 166 дәрігер маманның 104-і Тараз қаласына жолданды.

Екпе алу – індетті жеңудің төте жолы

Әлемді жайлаған індетпен күрестің ең тиімді жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бұл – әлем мойындаған шешім, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шегелеп айтып келеді.
Қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде қалада індеттің таралу қаупі азайды. Пандемия басталғалы бері қала бойынша 12 мыңнан аса науқас тіркелді. Қаладағы медициналық көмек көрсететін мекемелерде індет жұқтырған науқастарды емдеу үшін жалпы 2580 төсек қоры жасақталған, оның 250-і – реанимациялық төсек.
Сонымен қатар қала тұрғындарын «COVID-19» коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салумен қамту мақсатында 14 егу пункті қызмет көрсетуде. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қала бойынша 220 мыңнан астам адам екпе алды.

Бұқаралық спорт қарқынды дамуда

Қалада 630 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның 491-і – мемлекеттік, 139-ы – жекеменшік. Ағымдағы жылы жеке инвес-торлар есебінен үш спорттық нысан және «Таразға тарту» жобасы аясында бірнеше стрит воркаут, спорттық алаңшалар пайдалануға берілді. Жол картасындағы «Еңбек ұжымдарында спорт командаларын құру және спорттық іс-шаралар өткізу» көрсеткішіне сәйкес, есепті кезеңде 228 еңбек ұжымында спорт командалары құрылып, 22 іс-шара өткізілді.
Сондай-ақ ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстар өткізе отырып, қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында тоғызқұмалақ, асық ату және т.б. ойын түрлері бойынша 89 іс-шара ұйымдастырылды.
Мәдениет саласы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы 895 іс-шара ұйымдастырылып, 159 226 көрермен қамтылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде жаңа нысандар бой көтерді.
Тараздықтардың «Nur Otan» партиясынан үнемі қолдау мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар күтетіні белгілі. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында қала көлемінде көптеген ауқымды жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар партия қолдауымен алдағы жылдарда да жалғасын таба беретін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.