Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір медицинасы 30 жылда қалай өзгерді?

0 237

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі 30 жыл ішінде айтарлықтай елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде өсу мен өркендеудің өр белесін бағындырған елімізде медицина саласы ілгері жылжып, сырғыған жылдар ағысымен толағай табыстарға кенелудеміз.

Жалпы халықтың тұрмысы мен денсаулығының түзелуі нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73,2 жасқа жуықтады. Осы уақыт аралығында Жамбыл облысының медицинасы да көптеген қиындықтардан өтіп, біршама белестерді бағындырды. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жан-жақты баян етті.
– Жамбыл облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлеміне 1991 жылы 500 миллион теңге бөлінсе, 2021 жылға қаралған қаражат көлемі 85,3 миллиард теңгені құрап отыр. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік, қоғамдық істегі қызметі, еңбектегі жетістіктері мен жауынгерлік ерліктері үшін өңірімізде денсаулық саласының қызметкерлері арасында 32 медицина маманы мемлекеттік награда иеленді. Оның ішінде «Барыс» орденімен – 3 (қайтыс болғаннан кейін), «Парасат» орденімен – 1, «Құрмет» орденімен – 5, «Ерен еңбегі үшін» – 9, «Шапағат» орденімен 14 дәрігер марапатталды. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Ведомствоаралық наградаларымен 265 медицина қызметкері құрметтелді. Оның ішінде «Еңбек ардагері» медалімен – 44, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі-мен – 89, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған 132 маман бар. Медицина саласында қызмет атқаратын 17 дәрігер «Құрметті азамат» атағының иегерлері. Атқарылған мақсатты шаралар арқасында денсаулық сақтау саласындағы негізгі көрсеткіштердің төмендеуі байқалды. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші соңғы 30 жылда 15,1 пайызға азайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында Жамбыл облысында денсаулық сақтау жүйесі, соның ішінде педиатрия қызметі бірқатар маңызды оң өзгерістерге ұшырады, – деді Әсет Қалиев.
Тәуелсіздік жылдары нәресте өлімі 4,5 есеге төмендеп отыр. Облыстың демографиялық жағдайы жақсарды. Егер 1991 жылы 1000 тұрғынға шаққандағы туу коэффициенті 23,7 пайыз болса, 2020 жылы 25,2 пайыз туу коэффициентімен 27 мыңнан астам нәресте тірі дүниеге келген.
Соңғы жылдары облыста балаларға арналған бірқатар денсаулық сақтау нысандары ашылды. Олар: облыстық жұқпалы балалар ауруханасы, салмағы 500 грамм немесе одан жоғары салмағы бар жаңа туған нәрестелерді күту мүмкіндігі бар 2 перинаталдық орталық, «Ана мен баланы аялау» облыстық оңалту орталығы, облыстық балалар ауруханасы және №1 қалалық балалар ауруханасы. 2020 жылдан бастап облыстық көпсалалы балалар ауруханасы жанында 120 орындық балалар ортопедия/травматология, нейрохирургия және неврология бойынша емдеу-сауықтыру және оңалту шараларын көрсету бойынша медициналық бөлімшелер жұмыс істей бастады.
– Жамбыл облысының 5 медициналық ұйымында кардиохирургия, травматология, акушерлік-гинекологиялық бейін бойынша жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Жалпы облыстың денсаулық сақтау ұйымдарының жабдықталуы артты. 2009 жылы жабдықталуы 35,7 пайызды құраса, 2020 жылы – 85,9 пайыз. Денсаулық сақтау нысандарын соғу екпіні де жоғары. Егер 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны салынса, 2009 -2020 жылдар аралығында 217 нысан ел игілігіне берілді. Облыс бойынша «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы аясында құны 18,8 миллиард теңгеге 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталып, елге есігін айқара ашты. 2019 жылы тікелей сатып алу тәсілімен 65 алғашқы медициналық көмек көрсету нысанына ғимараттар сатып алынды. Нәтижесінде ауылдық елді мекен тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі артты. Сондай-ақ облыста денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы біртіндеп шешілуде. 2020 жылы облысқа 194 жас маман келіп, олардың 118-і ауылдық елді мекендерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жіберілді. Сонымен қатар облысқа жас мамандарды тарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы үнемі жоғары медициналық оқу орындарымен жұмыс жүргізеді. Жергілікті бюджеттен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін гранттар бөлінді, – деді брифингте облыстың бас дәрігері.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен емдеу-алдын алу мекемелерінің бой көтеріп, заманауи үлгіде салынып, халықтың игілігіне берілуі және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлықтар тәуелсіздігіміздің жемісі екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Жолдауларында да тұрғындардың денсаулығын жақсартуды басты мәселелердің бірі етіп қойып, бұл бағытта барлық мүмкіншіліктерді жасап келеді. Биылғы жылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, өңір медицинасы да өрісін кеңейтіп, жұмысын жүйелі етуге күш салатын болады.

Зере Қуаныш 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.