Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Jambyl-Taraz»-ға жазыл, ағайын!

0 450

Мен осы Тараз қаласында бұрыннан тұрып келемін. Осында білім алып, жұмыс істедім. Көне шаһардың құрылысына да бір кісідей еңбек сіңірдім деп айта аламын. Айталық, сонау 1959 жылы «Nur Otan» партиясының қазіргі ғимараты мен облыстық драма театрдың арасындағы талдарды отырғызып, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас корпусының іргетасын қаласқандардың бірімін. Қазіргі таңда аталған оқу ордасында балаларым, немерелерім білім нәрімен сусындауда. Сондай-ақ Талас өзенінен бастау алатын аты аңызға айналған «Базарбай» су жүйесін салу, қазіргі Зербұлақ көлін абаттандыру, шағынаудандар мен Абай даңғылы, Сүлейменов көшесі бойындағы тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу сынды жұмыстарда қолтаңбам қалғаны – мен үшін зор мақтаныш.
Көне шаһардың бүгінгі бейнесі көрген жанның көңілін қуантады. Тұрғындардың сейілдеп, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Мен мұны текке айтып отырғаным жоқ. Осындай игі істердің басы-қасынан табылып, көпшілікке жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны ерекше. Әсіресе көне шаһардың шамшырағына айналған «Jambyl-Taraz» газеті – менің сүйікті басылымым. Газет ең алғаш оқырманға жол тартқан 1996 жылдан бері басылымның әр санын мейлінше қалт жібермеуге тырысып келемін. Сол арқылы шаһардағы өзгерістер мен жаңалықтарды оқып-біліп, рухани көкжиегім кеңеюде. Аталған баспасөз құралы осы жылдар ішінде билік пен бұқараның арасына алтын көпір орнатып, көптеген өзекті мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал етіп жүргеніне өзім куәмін. Заман ағымына сай кескін-келбеті өзгеріп, сапасы артқан басылым бүгінде жаңа биікке құлаш ұруда. Газеттің екінші тынысы ашылып, қызықты әрі танымдық айдарлар басылым бетінен орын алған. Әрине, мұның барлығы оқырманды қуантады. Ғаламтор қанша жерден жылдамдыққа негізделгенімен, газетті алмастыра алмасы анық. Осы орайда баспасөздің тұрақты оқырманы ретінде барша жерлестерімді «Jambyl-Taraz» газетіне жазылуға шақырамын!

Барат Мыңбосынов,
Тараз қаласының тұрғыны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.