Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Халық ақшасы зейнетақы қорының жеке меншігі емес»: Депутаттар зейнетақы қорындағы өзгерістерге наразылық білдірді

0 958

Өткен аптада келесі жылдан бастап зейнетақы қорында қалуы тиіс соманың шекті мөлшерін екі есеге көтерілетіні мәлім болған еді. Алайда депутаттар ең төменгі жалақы зейнетақы төлеміне тікелей әсер ете алмайтынын айтып, қарсылықтарын білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қадамын сынға алған халық қалаулылары салымшылардың сеніміне селкеу түсті дейді.

«Қоғамды дүр сілкіндірген резонанс Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларымен кері байланыс жоқтығын көрсетеді. Бұл қаражат зейнетақы қорының меншігі емес. Бұл – миллиондаған адамның маңдай тері. Екіншіден, жұрттың зейнетақы қорының табыстылығына қатысты сұрағы көп. Халық өз қаражаты құнсызданып бара жатқан соң, Қордан алып, қажетіне жұмсап жатыр. Соған байланысты Қор қаражатты басқару жөнінде ашық жұмыс істеуі тиіс. Салымшылар оған сенуі керек. Өкінішке қарай ондай әрекет көріп тұрған жоқпыз», – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Депутаттардың сөзінше, зейнетақы қоры шекті қаражат мөлшерін жарияламас бұрын Үкіметпен, салалық министрлікпен талқылау өткізу қажет. Керек болса қоғамдық талқылау жүруі тиіс. «Бұл математикалық формуламен есептеп қабылдай салатын шешім емес» деген мәжілісмендер әрбір қаражаттың артында мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын айтады.

Зейнетақы қорындағы өзгерістер туралы естіген жұрт қордың платформасы арқылы салымдарын алуға асықты. Үш күнде 46 мың адамнан өтініш түсіп рекорд орнатқан. Қор мұны әлеуметтік төлемдердің өсуімен түсіндірген. Бірақ сарапшылар шекті мөлшердің ұлғаюын зейнетақы қорының мүшкіл жағдайымен байланыстырды. «Жаңа шешім қаражатты халыққа бермеудің амалы», – деп түсіндірді сарапшылар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.