АҚШ президенті Джо Байден Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап жеделхат жолдады. Оның мәтінін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі өзінің ресми сайтында және Telegram-дағы арнасында келтірді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстанның Орталық Азияда мен бүкіләлемдік бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденуді сақтау жолында көш бастап келе жатқанының 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы қуанышыңызға ортақпын», – деп жазды америкалық көшбасшы. Оның пікірініше, алдағы уақыттағы ықпалдастық екі елдің халықтары үшін жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді. Осы орайда ол Орталық және Оңтүстік Fзия өңірлеріндегі өзара байланыстар мен экономикалық өсуге ықпал ету бойынша «Қазақстанның орасан зор күш-жігерін» жоғары бағалады. «Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті және өңірлік тұрақтылықты ілгерілету, климаттық дағдарысты шешу, демократиялық институттардың тиімділігін арттыру мен адам құқықтарын құрметтеуді дамыту бойынша ынтымақтасуға ниетті», – деп мәлімдеді АҚШ президенті.