Бүгін 16 жыл бойы Германияның Федералды канцлері болған Ангела Меркельді салтанатты шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ангела Меркель салтанатты рәсімде саясатқа деген сенімді сақтауға шақырды. Мұрагері Олаф Шольцқа сәттілік тілей отырып, барлығына «жүректегі қуанышпен» жұмыс істеуге кеңес берді.
“Бүгін, міне, алдарыңызда тұрып, сіздерге алғыс білдіргім келеді. Маған артқан сенімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Себебі сенім саясаттағы ең бас құндылық», – деді Меркель.
Бейсенбі күні кешке бундесвер қорғаныс министрлігінің ауласында жоғары дәрежелі саясаткерлерді шығарып салуға арналған дәстүрлі салтанатты кеш өткізді.
Меркель әскери қызметшілердің алдында сөз сөйледі. Бұдан соң әскери қызметшілер алау жағып, бірнеше музыкалық нөмірлерді орындады. Оның ішінде Меркельдің сүйікті әуені, 1974 жылдың хит әуені орындалды.
Айта кетсек, 2005 жылдын 22 қараша күнi Ангела Меркель Германияның Федералды канцлері лауазымына сайланған. Ол – Германия тарихындағы канцлер атанған және ең жас (51 жыл) федералдық канцлер болған алғашқы әйел.