Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мақпал Жүнісова: Әншілер бай болса, той жағалап жүре ме?

0 892

Мақпал Жүнісова әншілерді бай санайтын елге назын айтты. Халық әртісінің айтуынша, әншілердің ақшасы көп болса, той жағалап жүрмес еді. Бұл туралы Жүнісова «Алматы» арнасының «Таңғы студио» бағдарламасында мәлімдеді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Еркек пен әйел теңдігі тақырыбы қозғалғанда Халық әртісі:

«Мен өзім еркек, өзім әйелмін ғой. Туған-туыс, дос, бауырлар – бәрі менің қарамағымда. Мәкең тойдан келсе, бәрі талап алып кетеді. Сосын қайтадан тойға барасың», – дейді Жүнісова.

Халық әртісі жуырда әнші Бауыржан Рахымбековпен бірге дуэт жаздырып, соның ішінде бір әнге клип түсірген. Рахымбеков осы тұста Халық әртісінің шыдамдылығына қайран қалды. Айтуынша, Мақпал ханым ауырса да, түсірілімге соңына дейін шыдаған.

«Күн деген суық. Қапшағайда жаздық киіммен түсу керек болды. Ауылға барып түсіргенде, Мәкеңнің дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілді. Клипті үш күн қатарынан түсірдік, соңына дейін шыдады», – дейді Рахымбеков.

«Білдіртпейміз ғой. Ауа райы қандай керемет деп, бақытты әйелдің рөлінде ойнап, өтірік күліп жүре береміз. Бай болсақ, тойға барып жүреміз ба сол? «Қанша тұрасыз?» деп сұрағанда жылағым келеді», – дейді Мақпал Жүнісова.

Халық әртісі 30 жылдықтың қарсаңында Тәуелсіздіктің қадірі жайлы сөз қозғады. Ол Кеңес үкіметі кезінде орысша ән айтуға мәжбүр болып жылағанын еске алды.

 

«Біз Тәуелсіздік алмай тұрып шыққан әншілерміз. Соны ойласам, жылағым келеді. Біз тәуелді болдық, Мәскеу не айтса, соны жасайтынбыз. Қазақша айтпайсың десе, айтпайсың. Орысша айт десе, айтасың. Ол кезде орысшам нашар еді. Талай конкурсқа барғанда, орысша ән айт дейтін. Сонда жылағым келетін. Біреуге тәуелді болғаннан гөрі, өзіңнің кішкентай болса да жеріңде отырған рахат қой. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын», – деді әнші.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.