Қазақтан шыққан белді балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған қазақ күресінен халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды.
Түркістан қаласында өткен бәсекеде 55 келі салмақта алтын жүлдеге екі бірдей жамбылдық таласты. Қос мықтымыз Сазанбай Асылан мен Асылхан Дүйсенбектің белдесуі көпшілікті тәнті еткені рас. Себебі алтын жүлдеге қай-қайсысы да лайық еді. Бұл кездесуде Асылхан Дүйсенбектің бағы жанып, қарсыласынан басым түсті. Сонымен қатар 90 келі салмақта бақ сынаған Рысбек Азат пен аса ауыр салмақта белдескен Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) қола медальді қанағат тұтты. Дегенмен нағыз аламан күш атасын танымас түйе балуандар сайысында басталды. Бұл бәсекеде жауырыны жерге тимеген Ғалымжан Қырықбай топ жарып, жанкүйерлерін қуантты. Осылайша қазақ күресінен ересектер арасында өткен халықаралық турнирдің бас жүлдесіне тігілген автокөлік Ғалымжанның қанжығасына байланды.
Сәндібек Піренов