Бүгін «Dostyk life» спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Тараз қаласы әкімінің командасы мен жастар құрамасы арасында кіші футболдан матчтық кездесу өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Шараның ашылуында сөз алған шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев бұқаралық спортты дамыту жолында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінде облыс орталығында 630 спорт нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ «Таразға тарту» жобасы аясында 14 street workout, шағын футбол мен баскетбол алаңдары салынды. Сонымен қатар қаладан шалғай орналасқан шағын аудандар мен алқаптардағы 7 спорт алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Салауатты өмір салтын насихаттау Елбасы мен Мемлекет басшысы жүктеген жастар саясатының ажырамас бір бөлігі. Сол үшін бүгінгідей шаралар қала әкімдігі мен жастар қауымдастығы арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді, – деген Ержан Жұматұлы қос командаға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы кездесу 7:5 есебімен қала әкімдігі командасының пайдасына аяқталды.