Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Суицид жасауы мүмкін емес»: Жамбыл облысындағы гвардиялық гарнизон бөлімшесінде өз-өзіне қол жұмсаған офицердің туыстары әділдік сұрайды

0 351

Жамбыл облысындағы гвардиялық гарнизон әскери бөлімшесінде өз-өзіне қол жұмсаған  офицердің туыстары «баламызға қысым жасалған» дейді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның ата-анасы аға лейтенант шеніндегі ұлдарының біреудің қолынан қаза тапқанына сенімді. Олар оқиғаның түсініксіз тұстары көп екенін алға тартты.

Баласынан ойламаған жерде айырылып қалған ана ол өз-өзіне қол салды дегенге   сенбейді. Марқұмның денесін алуға, істің мән-жайын білуге өзі бармақшы болған. Бірақ әскери бөлімшедегілер «келмеңіздер» деп тосқауыл қойған көрінеді.

«Не себепті келмеңіздер деп жатырсыздар деген уақытта хаты бар, соңғы хатын сіздерге апарып береміз деді. Не оны бізге әкелген де жоқ. Тіпті келген кезде киім-кешегін әкеліп беру керек еді ғой. Дым әкелген жоқ. Денесін әкеліп тастады да кетті ғой», + дейді марқұмның анасы Анаргүл Демеубаева.

Марқұмның әкесі де ұлым өзін өзі өлтіруі мүмкін емес дейді.

«Маған өте ауыр. Жұмыс істеп жүрген баламнан бір сәтте айырылып қалдым, Осындай жағдайға ұшырағанына өте өкінемін. Балам үшін өкінемін», – дейді марқұмның әкесі Ербаған Омаров.

Генерал болуды армандаған аға лейтенант Жандос бар-жоғы 24 жасында бақилық болды. Әскери академияны бітірген соң, 4 жыл Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде жемісті еңбек еткен. Жақында ғана шені көтерілген. Бауырын өзінің бес саусағындай білетін ағасы Елдос та аяқ астынан болған бұл жағдайға күдікпен қарайды.

«Шу шығарғаннан кейін хатты телефонмен жіберді. Онда «Анашым, кешіріңізші. Командирлерімді орға жыққым келмейді» деп жазылған. Егер, ол командирлерін орға жыққысы келмесе неге ол жұмыс орнында көз жұмды. Олимпта 8млн қарызы болған дейді.  Оның ешқандай қарызы жоқ. Біз тексердік бәрін», – дейді марқұмның ағасы Елдос Омаров.

Марқұмның денесін әкелген кезде жеке заттары, онымен қоса ұялы телефоны да ата-анасына қайтарылмаған.

«Жандос таңғы 5-те қайтыс болса, сол күні  түнде оның әлеуметтік желідегі парақшасына біреу кірген. Бұл да көңілімізге күдік ұялатады»- дейді туыстары.

Бірақ қорғаныс министрлігі бұған қатысты тек ресми ақпарат беріп отыр.

«Ағымдағы жылдың 22 қарашасы күні Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімнің офицері өзіне қол жұмсады. Қайтыс болған жігіттің өлер алдында жазған хаты табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне және туыстарының өтінішіне сай өзге ақпараттар жариялануға жатпайды», – дейді Қорғаныс министрлігі әскери полиция басқармасының басшысының орынбасары Бекен Шынтылеуов.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана  баламыздың өзін өзі өлтіргеніне бәрібір сенбейміз дейді. Бұған дейін ол жұмысына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Олар жұмбақ өлімнің себебін құзырлы орындар анықтаса, тергеу жұмыстары әділ жүрсе дейді. Кінәлілердің түгел жазалануын талап етуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.