Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тоқалды алу керек, алғанға не жетсін»: Мақсат Базарбаев тоқал тақырыбынан айналып өтпеді

0 791

Мақсат Базарбаев өнерге келген сәттен бастан бүгінгі күніне дейінгі өмірін баян етті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әнші «Бауыржан шоу» театрына актер болып қабылданып, кейін әнші ретінде бөлек кетті. Өнердегі шарықтаған кезеңі «Музартпен» бірге. Әнші өмірде көрген сатқындығы мен қуанышы, отбасы жайлы айтты,

Мақсат Базарбаевты көпшілік алдымен «Бауыржан шоу» театрының актері ретінде таныды. Кейін әйгілі «Музарт» тобымен танымалдығы артты. Бұл кезең өнердегі ең бір шарықтау кезеңі дейді өзі. Одан бері 20 жылдай уақыт өтті.

«Мен театрда жүргенде Мейрамбегім бар, Сәкенім бар бірге ән айтайық, жеке шығайық деп шештік. Сөйтіп Бауыржан ағадан сұрандық. Ол кісі бірден батасын берді. Әр адам жеке өзі ұмтылуы керек деп кесіп айтты. Біз үшеуміз ән жаза бастадық. Бастапқыда атау таңдамадық. Бірнеше ән жаздық. Тапқан табыстың тең жартысын топқа салдық. Костюмдерге бөлдік, әнге, бейнебаянға бердік. Солай аяққа тұрғанша топқа бөлдік. Өзіміз жаяу не таксимен жүретін едік. Осылай топ құрдық. Менен бір журналист «Сіз «Музартқа» қашан келдіңіз, қашан кеттіңіз?» деді. Мен «Музартқа» келген жоқпын. Мен «Музартты» құрған адаммын» дедім. Мейрамбек, Сәкен үшеуміз құрғанбыз», – деді әнші.

Мақсат Базарбаев өзі құрған топтан нақты не үшін кеткенін ашық айтпайды. Дегенмен ел арасында ақша үшін таласты, түсінісе алмады деп ғайбат айтатындарға жауап берді.

«Менің топтан кеткенімді сан-саққа жүгіртіп, өтірік әңгіме шығаратындар бар. Мен жеке әнші болғым келді. Жеке шығармашылықпен айналысқым келді. Жігіттер бастапқыда қарсы болды. Бірақ кейін келісті. Ешкіммен өкпелескен кезіміз жоқ. Музарттың мерейтойларының бәрінде мен бармын. Бірге ән айттық. 45 жасымда «Музарт» болып ән айтқанда, көзіме жас келді. 25 жасым елестеді. Кері қайтқандай болдым. Жастық шағым өткен топ қой», – дейді Базарбаев.

Әнші әкесінің керемет әнші адам екенін, еңбекқор жан екенін айтып өтті. Ата-анасымен жиі хабарласып, ауылға аптасына екі рет барып қайтатын көрінеді.

«Анама жиі қоңырау шаламын. Жағдайын білемін. Кейде әкеме бірінші хабарласамын. Әкем керемет әнші адам. Еңбекқор жан. 70-тен асса да, Аллаға шүкір, ширақ. Менен қуаты басым. Мен қимылдағанша, әкем бар жұмысты бітіріп тастайды. Біз қаладан көмекке барғанша, картопты қазып, жинап, қаттап, бізге дайындай қояды. Ол кісілерге құдай қуат берсін деп тілеймін. Ата-анам қалада тұра алмайды. Ауылды жақсы көреді. Сондықтан мен аптасына екі рет ауылға барып тұрамын», – дейді Базарбаев.

Әнші тоқал тақырыбынан айналып өтпеді. Шама келсе, тоқал алу керек деген ойын жеткізді.

«Тоқалды алу керек. Егер шамаң келсе, алғанға не жетсін». Дінде рұқсат бар, бірақ қайырлысы бір әйел деген. Мен тоқал алам деп дайындалып жүрген жоқпын. Маған Алла қосқан жарыммен балаларымды жеткізсем, аяққа тұрғызсам жетеді. Құдай біледі ғой. Мүмкін 5 жылдан соң ойым өзгеруі мүмкін», – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.