Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, елордадағы білім беру орталықтарының бірінің басшысына үкім шығарды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Елорда соты Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде жалған құжат жасады деп айыпталған білім беру орталығының басшысына қатысты үкім шығарды. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты жалған құжат жасады деп айыпталған «140+1 білім беру орталығының» басшысы Нұрбек Қанайға қатысты үкім шығарды.
«2021 жылдың жазында оқушыларға ҰБТ-дан жоғары балл жинап беріп, білім беру орталығының атын шығару мақсатында кеңсе техникасын пайдалана отырып, тестілеуден өтіп жатқан төрт мектеп түлегінің жеке куәліктеріндегі фотосуреттерді ҰБТ-ға дайындалып жатқан басқа тұлғалардың фотосуреттеріне ауыстырған», — деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тәркіленген кеңсе жабдықтарымен, жалған құжаттармен, жеке куәліктердегі фотосуреттерді ауыстыру туралы сот-техникалық қорытындылармен дәлелденді.
Сот жазаны жеңілдететін шын жүректен өкіну сияқты мән-жайларды назарға алды.
Нәтижесінде сот Қанайға пробациялық бақылау орната отырып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.