Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дауылдан бүлінген дүниелер қалпына келтірілді

0 207

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте 17-18 қараша күндері облыс аумағында орын алған қатты дауылдың салдарын жою мәселелері қаралды.

Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, Тараз, Сарысу, Талас, Жуалы, Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында желдің жылдамдығы секундына 26-38 метрге жеткен.
Өңірдегі 137 елді мекеннің 53 840 абоненті жарықсыз қалған. ТЖ салдарын жою үшін «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан 53 бригада, 49 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта барлық нысандар жөнделіп, электр желісіне қосылды.
Электр желілерінің зақымдалуына байланысты Тараз қаласындағы 57 көпқабатты тұрғын үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ететін «Таразтрансэнерго» МКК-нің 5 қазандығы баламалы электр көздеріне (дизельдік генератор) қосылған. Қаратау қаласындағы «Игілік» МКК-нің орталық қазандығы жедел түрде «KEGOС» АҚ желісіне ауыстырылып, электр жарығы бір сағат ішінде қайта берілген. Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында әлеуметтік нысандардың қазандықтары резервтік электр желісіне қосылып, жылу беру үзілмеген. Қазіргі таңда барлық қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеуде.
Қатты жел жалпы 6,5 шақырымды құрайтын газ құбырына да зақым келтірді. Алайда барлық апатты учас-келер қалпына келтіріліп, 545 абонент газға қосылды.
Тараз қаласында 107 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, Жаңатас қаласында 2 көпқабатты үй, Талас ауданының Ақкөл ауылында 1 көпқабатты үй, барлығы 78 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Сондай-ақ Тараз қаласында – 66, Талас ауданында – 71, Байзақ ауданында – 185 жеке тұрғын үй түрлі деңгейде бүлінген.

Қазір бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Автокөлік және жаяу жүргіншілер жолындағы құлаған ағаштар тазаланды. Жолдарда көліктердің кептеліс оқиғасы жоқ.
Басқосуда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім саласының басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Бердібек Сапарбаев әкімдерге өз күштерімен демеушілерді тарта отырып, барлық бұзылған нысандарды тез арада қалпына келтіруді тапсырды.
– Осындай қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау білдіріп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуіміз керек. Біз қателіктермен жұмыс істеп, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізіп, оның маңыздылығын тұрғындарға түсіндіріңіздер. Олқылықтарды реттеңіздер. Мектептерде қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер есебінен жүруі керек. Бұл мәселені білім басқармасы қадағалайтын болады. Аудан әкімдері шаруашылық ғимараттарының қауіпсіздігін тексеруі тиіс. Қалада «Jardem-109» қызметінің жұмысын күшейтіп, тұрғындармен кері байланыс орнату қажет.
Сондай-ақ аймақ басшысы Жамбыл облысындағы дауыл кезінде қаза тапқан азаматтың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.