Қалалық қоғамдық-саяси газет

«600-ден артық бала COVID-19 қарсы вакцинация салдырғаннан көз жұмған»: Ақпарат адамдарды шошытты

0 490

Әлеуметтік желіде АҚШ-та 150 000-нан астам адам, оның ішінде 600-ден артық бала COVID-19 қарсы вакцинация салдарынан көз жұмды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды «Janbyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Шын мәнінде, бұл көрсеткіштердің шынайылыққа еш қатысы жоқ.

Осындай қорқынышты тақырыптағы жаңалық қастандық теориялары мен фейк жаңалықтар тарататын британдық The EXPOSÉ басылымында шықты.
Мақалада VAERS жүйесіндегі мәліметтер негізінде жүргізілген және иммундау препараттарынан болған өлім мен жанама әсерлердің бәрі бірдей оған енгізілмейтінін көрсеткен зерттеу туралы айтылады.

Алдымен, VAERS жүйесі вакциналардың қауіпсіздігін есептеу немесе бағалау үшін сенімді ақпарат көзі бола алмайтындығын атап өткеніміз жөн.
VAERS порталында «Есептер толық емес, дәл емес, кездейсоқ немесе тексерілмейтін ақпаратты қамтуы мүмкін. VAERS-тегі есептердің көбі ерікті түрде жазылады, яғни ағат пікір болуы мүмкін», сондай-ақ, «Вакцинаның жанама әсерлері туралы есеп беру жүйесінің (VAERS) мәліметтер базасында АҚШ-та лицензияланған вакциналармен иммунизациядан кейінгі жанама әсерлер (аурулар, денсаулыққа қатысты мәселелер және/немесе белгілер) туралы тексерілмеген есептер бар. Есептер кез келген адамнан қабылданады және сайтқа электронды түрде жіберілуі мүмкін» деп жазылған.

Сонымен қатар, СOVID-19 қарсы вакцина алған адамдардың қайтыс болу жағдайлары VAERS жүйесіне енгізілуі керек. Вакцина алу мен өлімнің арасында байланыстың бар-жоғы маңызды емес.

Зерттеуде келтірілген көрсеткіштер де үлкен күмән тудырады. АҚШ-та пандемия басталғаннан биылғы жылдың 25 қазанына дейін COVID-19 салдарынан 600-ден астам бала қайтыс болды. КВИ-ге қарсы 12 жастан асқан балаларды вакцинациялау елде осы жылдың мамыр айының ортасында басталды. Яғни, егер The EXPOSÉ басылымындағы мақалаға сенсек, жарты жылдан аз уақыттың ішінде қайтыс болған балалар саны елде жалпы пандемия кезіндегі көрсеткішпен бірдей. АҚШ-та да, әлемнің басқа елінде де мұндай жағдайдың болмағаны анық.

Осы мақалада және оған негізделген ғылыми жұмыста айтылған тезистерді Reuters басылымы да жоққа шығарды.

Фактчекерлер АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасының (FDA) өкілдерімен байланысқа шықты.

«Қол жетімді клиникалық ақпаратқа шолу, оның ішінде өлім туралы куәліктерді, мәйітті және медициналық жазбаларды тексеру COVID-19 қарсы вакциналармен себеп-салдарлық байланысты анықтаған жоқ», – деп хабарлады ведомство.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілдері атап өткендей, «CDC осы уақытқа дейін COVID-19 қарсы вакциналардың өлімге әкелетінін немесе оған ықпал ететінін көрсететін иммундаудан кейінгі өлімнің ерекше немесе күтпеген заңдылықтарын тапқан жоқ».

Демек, вакциналардан болған 150 000 өлім туралы шағымдар жалған. Бұл ақпарат қате болжамдарға және мұндай мәлімдемелер жасауға мүмкіндік беретіндей сенімді ақпарат көзі болып табылмайтын VAERS жүйесіндегі статистикалық деректермен манипуляциялауға негізделген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.