Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Театр – өмір айнасы» фестивалі өтті

0 1  593

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қараша айының 15-20 күні аралығында облыстық «Театр — өмір айнасы» фестивалінің аудандардағы іріктеу кезеңі өтті.
Халық театрларының қойылымын «Format E» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры, қазылар алқасының Төрағасы Ерлан Ауесбаев, Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев және орталықтың бас режиссері Нұралы Абдуллаев бағалады.
Фестивальдің шымылдығын Жуалы аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Мыңбұлақ» халық театрының «Аманаты бабамның» атты тарихи оқиғалардан құралған компазициялық драмсы түрді. Қойылымда жаугершілік замандағы қиын-қыстау кезден бастап, еліміз тәуелсіздік алған шаққа дейінгі барлық бастан өткен бейнеттер бейнеленді. Қоюшы режиссері, әрі авторы Ербол Бекжанов. Бұдан соң Жамбыл ауданының «Дарын» халық театры «Аталар анты» инсцинировкасын сахналады, қоюшы режиссері Әмірхан Қошманов. Фестивалдің екінші күнінде «Басқар Битанов» атындағы халық театры Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» драмалық дастанын сахналаса, Бақытжан Байкүшіков жетекшілік ететін «Шахан» халық театры «Елім менің аманат» атты қойылымын тарту етті.

Сарысу ауданының қос халық театры: «Саудакент» Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» драмасын, «Сарысу» халық театры Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм зауалы» инсцинировкасын қойды. Ал, Талас аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Талас» халық театры Қалижан Бекхожиннің «Ұлан асу» шығармасын, Меркі ауданының «Меркі» халық театры Мархабат Байғұттың «Асанбайдың аққайыңдарын», «Қордай» халық театры Тахауй Ахтановтың «Ант» драмасын сахналады. Сонымен қатар, «Шу қаған» халық театры Шерхан Мұртазаның «Әзиза» спектаклін, «Шу» халық театры «Абылайхан арманы» тарихи драмасын көрсетті. «Мойынқұм» халық театры «Керей мен Жәнібекті» ұсынды. Фествалдің соңын режиссер Шолпан Жолдыбаеваның жетекшілігіндегі Тараз қаласының «Дулати жастары» халық театры қорытындылады. Жас театр Александр Крийдің «Зона» драмалық импровизациясын сахналады.
Жалпы алғанда аудандық мәдениет үйлерінің жанынан құрылған халық театрларының биылғы фестивалға деген дайындығы өте жоғары деңгейде екендігі көрінді. Әр-бір сахналанған спектакльдердің соңында сарапшылар қойылымға қатысты пікірлерін білдіріп, сын-ескертпелер мен ұтымды сахналық образдарға қатысты ойларын ортаға салып отырды.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш фестивалдің қорытынды марапаттау салтанаты 30 қарашада Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өтетін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.