Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда 4 мыңнан аса маман мен 165 техника желдің зардаптарын жоюда

0 492

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті 14 қараша күні тұрғындар мен қонақтарға ұялы байланыс операторлары арқылы 17-сінен 18 қарашаға қараған түні оңтүстік-батыс бағытта жылдамдығы 23-28 м/с, екпіні 30 м/с және одан да жоғары болатын желдің күшеюі туралы СМС-хабарлама арқылы дауылды ескерту жеткізген. Екпінді жел салдарынан жеке және көп қабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік-мәдени нысандардың шатырлары ұшқан. Электр желілерінің үзілуі, ағаштардың, бұтақтардың, электр желілері тіректерінің, жол белгілерінің және билбордтардың құлау жағдайлары орын алған.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында департамент басшысы Ермек Момбаев айтып берді. Өңірдегі жағдайға байланысты ведомство бөлімшелерінің күштері мен құралдары қызмет атқарудың күшейтілген режиміне ауысқан, табиғи апаттың салдарын жою жөніндегі штаб құрылған. Сондай-ақ, 51-41-67, 51-35-75 нөмірлері бойынша қауырт желі іске қосылған. Оған анықтамалық сипатта 400, көмек көрсету бойынша 17 қоңырау түсіпті.
«Тараз қаласында қатты желдің салдарынан түрлі жарақаттармен медициналық мекемелерге 51 адам хабарласты, зардап шегушілердің 41-і тексеруден кейін үйлеріне жіберілсе, 10 адам ауруханаға жатқызылды. Мұның 3-еуі бала. Сондай-ақ, Тараз қаласынан 15 шақырым қашықтықтағы Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылындағы Жамалов көшесі, №1 мекен-жайында орналасқан жеке тұрғын үйдің шатырында тұрып, қатты желдің салдарынан үй иесінің ұлы, 2004 жылы туған Д.Х. Әділжанов жерге құлап, жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған», – деді спикер.
Ол аймақта 50 мыңнан астам абонент электр жарығынсыз қалғанын да мәлімдеді. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары авариялық-қалпына келтіру бригадаларының күшімен жүргізілген. Оған 150-ден астам қызметкер және 35 техника жұмылдырылды. Қатты желдің салдарынан 550-ден аса жеке және көп пәтерлі үйлердің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарының, әкімшілік ғимараттардың шатырлары ұшқан. Материалдық шығын мен бүлінген объектілердің нақты санын арнайы комиссия белгілейді.
«Ауа райының нашарлауына байланысты Алматы-Термез-Ташкент республикалық маңызы бар автожолдың 2 учаскесінде, атап айтқанда Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін 534-596 шақырымы, Қордай жаңа асуының 160-238 шақырымы және облыстық маңызы бар Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас, Жаңатас-Саудакент-Түркістан облысының шекарасына дейінгі жолдар автокөліктің барлық түріне жабылды немесе уақытша шектеуқойылды. Апат аудандарынан 110 адам, оның ішінде 3 бала эвакуацияланып, жылыту пункттеріне жеткізілді», – деді Ермек Жамбылұлы.
Жауапты маман облыстық полиция департаменті қызметкерлері патрульдеу ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін жеткізді. Жолдарды тазарту үшін «ҚазАвтоЖол» ЖШС мен мердігерлік ұйымдар 55 адам, 18 техника жұмылдырған. ТЖ департаментінен 28 адам 13 техника шыққан. Зардаптарды жою үшін 4 мыңнан астам адам, 100 авариялық бригада және 165 техника жұмыс істеуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.