Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қылмыс серкесінен «халық қаһарманы» атағына дейін: «Дикий Арман» деген кім?

0 408

25 қазан мен 6 қараша күндері аралығында Сербия астанасы Белградта өткен бокстан әлем чемпионатында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қазақ боксшыларына ақшалай сыйақы беріп жүрген бейнежазбасы тараған болатын. Бұл видео желіде қызу талқыға түсіп, халықтың бір бөлігі оның бұл әрекетін қолдаса, екінші жағы кереғар пікірлерін жеткізген. Осы орайда Stan.kz тілшісі «Дикий Арман» деген кім және қылмыс әлемінің серкесі саналатын азамат елдің «сүйікті» патриотына қалай айналды?” деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Шымкенттен Стамбулға дейін: «Дикий Арманның» қылмыстық өмірінің тарихы

Түрлі ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Арман Жұмагелдиев Шымкент қаласында туып-өскені айтылады. Жас кезінен бокспен айналысқан ол аталған спорт түрінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Бокстан ұлттық құрама сапында 2004 жылы Афинада өткен олимпиада ойындарының чемпионы Бахтияр Артаевпен бірге жаттыққан. Спорттан ерте қол үзуіне қылмыстық әлемге жылдам араласып кетуі себеп болса керек.

Арманның алғашқы қашқын атағын алған кезі 2003 жылы басталған. Сол жылы ол Шымкент қаласында онға жуық жігіттерімен бірге екі жігітке шабуыл жасап, нәтижесінде олардың бірі ішінен оқ жарақатын алып ауруханаға түседі. Алайда бұл іс сотқа жетпей тоқтап қалған. Ал Жұмагелдиевтің өзі жазадан сытылып кеткен.

Тағы бір мәліметтер бойынша, Арман өзін «вор в законе» деп атайтындармен келіспейтін көрінеді. Оның екінші лақап аты – Қолға түспес (Неуловимый) екен.

Кезіндегі қазақстандық жоғары лауазымды полицейлердің бірі Арманды былай деп сипаттаған: «Арман – тәуекелге қорықпай барады, ешнәрседен сескенбейді. Ешбір себепсіз бір адамды ұрып-соғуы, қоғамдық жерде тәртіпсіздік бастауы немесе бәсекелестерімен атыс ұйымдастыруы да ықтимал».

«Туристтегі» төңкеріс

2005 жылы «Дикий Арманның» атын криминалдық әлемге танытқан оқиға болады. Сол жылдың көктемінде Шымкенттегі «Турист» қонақ үйінде «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының конференциясы өтіп жатады, отырыстың қызған шағында Жұмагелдиев бастаған бір топ жігіттер қонақ үйге баса көктеп кіреді. Олар жиылғандарды басып өтіп, оппозиция басшыларын жұдырықтауға ұмтылады. Алайда тәртіп бұзғандар күзетшілерден әрі өте алмайды. Кейіннен Арманды қолға түсіріп, құқық қорғау қызметкерлеріне тапсырады. Осылайша ол бірінші рет полицияның құрығына ілінеді. Шымкент қалалық соты Жұмагелдиевті шартты түрде жазаға кеседі.

2005 жылдары «Дикий Арман» шетел асып, қашып жүреді. Кейбір ақпарат көздеріне сәйкес, ол өз уақытын Қырғызстанда өткізген. 2008 жылы ол Қазақстанға оралып, Алматы қаласында полиция қолына түседі.

Арманның жанынан заңсыз қару-жарақтар мен есірткі табылады. Сол жылы ол 3 жылға түрме жазасына кесіледі.

«Дикий Арманның» түрме қабырғасынан босап шыққаннан кейінгі өмірі туралы деректер аз. Тек арада біршама уақыт өткеннен кейін ол Түркия елінен бой көрсете бастайды.

2021 жылдың 18 шілде күні Аstana_typical парақшасында «Дикий Арман» бастаған қылмыс әлемінің серкелерінің ұсталған видеосы жарияланды. Оқиға Нұр-Сұлтан қаласында болған.

Жазбадан мейманханада отырған бір топ жігіттерді арнайы қызмет формасындағы адамдар ұстап, сыртқа алып бара жатқанын көруге болады.

«Кейбір мәліметтер бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Нұр-Сұлтан қаласының полициясы «Дикий Арман», «Семский», «Алиби» лақап атымен танымал басты қылмыс әлеміндегі беделділерді, сондай-ақ олардың айналасындағы адамдар тобын ұстады.

«Дикий Арман» атанған Арман Жұмагелдиев елордаға қонаққа келген. “Алиби” тарапы оларды қарсы алған. Қымбат мейрамханадағы олардың кездесуінің шырқын арнайы жасақтың келуі бұзып жіберген. Олардың барлығы алдын алу шаралары үшін полиция бөліміне жеткізілді», – деп жазады жазба авторы.

Қылмыс әлемі серкесінің «сүйікті» патриотқа айналуы

«Дикий Арманның» атағын 180 градусқа күрт өзгертіп жіберген жайт 2020 жылғы пандемия кезеңімен сәйкес келеді: ұтқыр жігіт темірді қызған кезінде соғып қалған сыңайлы.

Коронавирустың халықты алқымынан алып тұрған шағында Жұмагелдиев дәріге мұқтаж қазақстандықтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете бастайды. Оның жеке Іnstagram парақшасында жарияланған халықтың алғыс айтқан бейнежазбалары сөзімізге дәлел бола алады.

Әрбір жазбаның астына жазылған пікірден халықтың жылы лебізі мен алғысын көруге болады. Пікір білдірушілер «Қазақтың батырлары осындай болуы керек», «Басшылардың өздері мұндай көмек көрсетпейді», «Арман алға» деген ұран сарынында жазылған ойларын қалдырған.

Одан кейінгі Саша Барон Коуэннің «Борат» фильмінің екінші бөлімін түсіруі қазақстандықтардың «Дикий Арманға» артқан сенім-тілектерінің қатарын көбейтіп жіберді.

Аз уақыттың ішінде «Дикий Арманның» желідегі жазылушылары тез көбейіп, танымалдығы арта түскен. Осылайша ол әлеуметтік желідегі әдемі сөздер мен жарқын бейнелердің арқасында қылмыс әлемінің серкесінен «халық қаһарманына» айналып үлгерді.

«Дикий Арманның» Instagram желісіндегі жеке парақшасына кірсеңіз, ондағы қазақстандық әншілер мен танымал жұлдыздардың суреттерінің есебіне жете алмайсыз. Жоғарыда айтылған оқиғалардың барлығы қылмыс әлемінде жүрген азаматты халықтың сүйікті ұлына айналдырғандай әсер береді. Енді Түркияға барған әрбір қазақстандық селебрити онымен естелік суретке түспей оралмайтындай.

арман коллаж 22

Арманның қазақ боксына деген ыстық ықыласы

25 қазан мен 6 қараша күндері аралығында Белградта (Сербия) бокстан әлем чемпионаты өткен болатын. Бүкіл әлем көз тіккен жарыс қарсаңында қазақстандықтар үшін «Дикий Арманның» құрметті қонақтар арасынан көрінуі күтпеген жаңалықтардың бірі болды.

Әлеуметтік желілерде Жұмагелдиевтің спортшылармен жолығып, оларға ақша үлестіріп жатқан видеосы таралып кеткен. Жазбаның түсіндірмесінде «Дикий Арман» жарыстан шығып қалған қазақстандық боксшыларға 2 мың доллар мөлшерінде сыйақы үлестіргені жайында жазылған.

Осы жазба тарағаннан соң Қазақстанның ақпарат құралдары бұл оқиға туралы жарыса жазды. Оқырмандар да өз кезегінде орын алған жайтқа өз бағаларын беріп, пікірлерін білдіріп жатты. Бірі Арманның жасаған әрекетін қолдап мақтан тұтса, екінші жағы бокс федерациясын кінәлап ел спортына қылмыс әлемінің адамының араласқанын бұрыс санаған.

Кейіннен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл оқиғаға түсінік беріп, қазақстандық боксшылардың кейбіріне ақша беру белгілі бір азаматтың жеке бастамасы екенін айтты.

«Сербияда федерацияның басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы орналасқан. Министрлік бұл факті бойынша түсініктеме алу үшін бокс федерациясына ресми сауал жолдады. Айта кету керек, Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесе отырып, бокстан ұлттық құрама спортшыларын сапалы дайындау үшін барлық жағдайды жасаған», – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Кейіннен олимпиада чемпионы, бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Бахтияр Артаев «Дикий Арманмен» бірге бейнеүндеу жазып жариялды.

Онда Арман Жұмагелдиев желіде қызу талқыға ұшыраған видеоға түсініктеме беріп, өзінің Әлем чемпионатында не істеп жүргенін түсіндіреді. Ол өзінің бұл жарысқа AIBA-ның құрметті қонағы ретінде келгенін жеткізген.

«Кеше менің жеңілген жігіттерге ақша таратқаным туралы біраз шу шықты. Бұл ақшаны мен өз қалтамнан шығардым және осы арқылы жас боксшыларға қолдау білдіргім келді. Олардың арасында 18 жастағы спортшылар да бар, осы арқылы олардың басқа жарыстарда сақтары сынып қалмас үшін осылай жасадым. Әр қазақ менің жалғызым дейді ғой. Сол секілді біз қолымыздан келгенше біздің азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жалғыз мақсатымыз – бұл біздің еліміздің намысы мен әнұранымыздың әлем алдында шырқалауы», – деп түсінік береді ол өз әрекетіне.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.