Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірлік университет – әлемдік трендте

0 307

Тараз өңірлік университетінде шетелдік ғалымдармен халықаралық ынтымақтастық орнату мақсатында «Жоғары білім және ғылым жүйесіндегі әлемдік трендтер» тақырыбында семинар өтті.

Әлемде болып жатқан өзгермелі жағдайлар білім беру жүйесіне де әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Тіпті елдегі жүргізіліп жатқан білім беру жүйесі әлемдік білім кеңістігімен ықпалдасуға бағдарланған. Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Семинардың мақсаты – әлемдік трендтен қалмай, халықаралық зерттеу және білім беру жобалары мен бағдарламаларының тиімділігін арттыру, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының, докторанттардың, магистранттардың және студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыру.
Жиынға Түркия елінен келген профессор Арикан Арда, Батыс Мичиган университетінен (АҚШ) Джей Сагин, Португалияның Браганса политехникалық институтының өкілі Санчес де Кастро Лопес Руи Педро мен Мескита Гомез Кристина Мария, Қазақстандағы Фулбрайт ағылшын тілі оқытушысының ассистенті (АҚШ) Тилтон Джошуа Перри қатысты. Алдымен Арикан Арда «Akdeniz University» тақырыбында презентация жасап, көршілес Түркі еліндегі университетке келіп оқуға көпшілікті шақырды. Сонымен қатар шетелдік ғалымдардың барлығы әр тақырыпта баяндама жасап, сөз соңында жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
– ҚР Білім және ғылым министрлігі университетке жыл сайын грант бөледі. Сол грант бойынша біз өзімізге қажетті сала мен ғалымдарға тапсырыс береміз. Бұл ғалымдар бізге не үшін керек деген заңды сұрақ туады. Әрине, әлем бір орында тұрмайды. Ғылым мен білім, инновация күн санап өзгеруде. Біздер де әлемдік стандарттарға сай болу үшін, шетелдік білім мен ғылымды білу үшін әлемдік сапаға сай болуымыз керек. Бұл семинардың да мақсаты – осы. Сонымен қатар біздің ғылыми жобалардың деңгейін халықаралық аренаға шығару. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші азамат. Сондықтан үш тілді меңгеріп, шетелдің ғалымдарымен тәжірибе алмасу – бұл кез келген білім ордасы үшін үлкен жетістік, – дейді Дулати университетінің зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Данияр Нұрмұхамбет.
Семинар барысында өзге елдің ғалымдарымен пікір алмасып, қызықтырған сұрақтарын қойған магистранттар мен оқытушылар құрамы тек ағылшын тілінде тілдесті. Бұл да әлемдік трендтің бір белгісі болса керек. Жалпы қазіргі таңдағы адамзат тіршілігінің негізгі міндеттерінің бірі – білім алу. Тәуелсіздік алғалы жыл сайын білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар – біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол. Себебі қай мемлекеттің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол сол елдің білімінің деңгейімен байла- нысты. Сондықтан болашақта бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына ену міндеті – жас мамандарға жүктелетін абыройлы да жауапты парыз.

Зере Қуаныш 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.