Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда 13 инвестициялық жоба іске асырылуда

0 397

  Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,9 трлн. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асыруда. Олардың ішінде үлкен компаниялар мен холдингтер де бар. Сондай-ақ, биыл Сарысу ауданында құны 50 млрд теңгені құрайтын жел электр станциясы пайдалануға берілді. Ауданда қуаттылығы тура осындай тағы бір станция бой көтермек,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтты. Ол өңірдегі қаржы институттары 68,9 млрд теңге көлемінде несиелендіру жұмыстарын жүргізгенін де жеткізді. Бұл қаражаттың 54,7 пайызы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асқан екен.

«Бизнестің жол картасы» аясында облыста 1 242 жоба қолға алынып, 25,2 млрд теңге несие субсидиямен қамтылды, 1 062 жобаның 8 млрд теңгесі кепілдендірілді. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен Тараз, Жаңатас және Қаратау қалаларында 616,1 млн теңге қаралып, 64 жоба қаржыландырылды. Аймақта экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау шаралары да тұрақты түрде жүргізіледі. Айталық, «QazTrade» АҚ тарапынан тауарларды жеткізуге байланысты шығындардың бір бөлігін өтеу тетігі бойынша 7 индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінен жалпы сомасы 103,5 млн теңге өтінімдер мақұлданды», – деді Аспандияр Мұраталыұлы.

Бұл жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 99 млн. долларға жеткен, жыл соңында 130 млн. доллар болмақ. Ал қазіргі таңда облыстағы «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС ферроқорытпа және электродтық массаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттауда. «KazIrAgro» ЖШС сафлор майын Қытай, Нидерланды, Жапония, Ресей, Чехия, Өзбекістанға, «Сауле» кондитерлік фабрикасы өнімдерін Қытай, Грузия, Тәжікістанға, «Мерке ет» ЖШС Иран, Бахрейнге, «Берсанукаев» ЖШС шұжық өнімдерін Ресейге, «Меркі балық өңдеу зауыты Ресей мен Қытайға, «Бурненская молочная компания» ЖШС ірімшік өнімдерін Ресейге жөнелтіп жатыр. «Talas Investment Company» ЖШС натрий цианидін Тәжікістанға, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС Өзбекістанға, Қырғызстанға, «Ақтас» ЖШС әктасын Қырғыз Республикасына экспорттауда.
«Жамбыл облысында 71 498 шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді. Олардың өндірген өнім көлемі – 246,3 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,7 пайызға жоғары. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің 2-ші деңгейлі банктерден несие алу белсенділігі былтырғыға қарағанда 65 пайызға өскен», – деді спикер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.