Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылқыны сойып, балалар жүретін жерге тастап кеткен: Қарағандылық ата-аналар ат спорты мектебіне қатысты шағымданды

0 451

Қарағандыда ата-аналар «Қайрат» ат спорты мектебінің қазіргі жағдайына байланысты шағым түсірді. Олар мектепте су және әжетхананың жоқ екенін айтады. Айтуларынша, бұған қоса ат мектебіндегілер ауырып қалған жылқыны ет үшін сойып тастаған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Спортшылар екі күн бұрын ғана жылқының ауырып қалғанын көрген. Алайда келесі күнінде атты сойып, етін бөлшектеп тастады дейді олар.

«Бұл дұрыс па? Жылқы олардың досы болды деуге болады. Бірнеше жыл сол атпен дайындалды. Балалар жаттығатын орында малды сойып, қалдырып кеткен», – дейді ата-аналардың бірі Руфина Давидюк.

Ата-аналар дәретхананың жоқтығына байланысты да өз наразылықтарын білдірді. Жаттығулар үш сағатқа дейін жалғасады екен. Ал мектепте қол жуатын су жоқ. Балалар әр жаттығу алдында аттарды өздері тазалайды дейді. Сөздерінше, мемлекеттік ат спорты мектебінің құрылғанына 20 жылға жуықтаған. Бірақ ата-аналар мектептің қазіргі жағдайы төменгі деңгейде екенін айтады. Сонымен қатар кей аттарға арналған арнайы орын да жоқ дейді.

«Жылқыларды көрдіңіздер. Үш жыл бұрын олардың жағдайы қоңды еді. Ал қазір тамақ та дұрыс берілмейтін секілді», – деді Надежда Марчук.

Мектеп директорының сөзінше, ол бұл лауазымға жарты жыл бұрын тағайындалған және сол кезде де аттардың жағдайы нашар болған екен. Оларды тек қарапайым шөппен тамақтандырып келген дейді. Қазір ең құнарлы шөп – жоңышқа сатып алыныпты. Ал жабық қоралардағы орын барлық аттарға жететінін айтады. Тек серуен кезінде сыртқа алып шығады. Сойылған жылқыға қатысты келетін болсақ, жылқы кәріліктен өлген екен. Жасы он жетіде болыпты. Етін бөлшектеп тастауға қатысты нақты пікір білдірмеді. Себебі бұл уақытта іс-сапарда болғанын және кінәлілерді жауапқа тартатынын ғана хабарлады.

«Аттардың барлығы 15-20 жаста. Оларды әр бес жыл сайын ауыстырып отыру керек. Жаңадан бес жылқы әкелінді. Бұрын жағдай жақсы болып, қазір нашарлап кетсе, менен келіп сұрайтын еді. Мен шынымен кінәлі болар едім. Бірақ бұрын жағдай бұдан да нашар болған», – деп мәлімдеді «Қайрат» ат спорты мектебінің директоры Нұрлан Шайхин.

Спорт басқармасында мәселеден хабардар екенін және мектепті басқа жерге көшіру жоспарланып отырғанын айтты. Аттарға арналған шөп жеткілікті дейді. Бюджеттен қажетті қаражат бөлінген. Басқармада келесі жылы жабдықтарды жаңартып, су және әжетхана мәселесін шешуге уәде берді. Бірақ тағы бірнеше жыл осы мекемеде жаттығуға тура келеді дейді олар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.