150 гектарлық бақ биыл екінші жыл қатарынан жемісін берген,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агентігі.
Серіктестіктің агрономы Айбек Рахымбердиевтің айтуынша, биыл олар 820 тоннадай өнім жинаған, бұл көрсеткіш былтыр 200 тоннаның шамасында болған екен. ЖШС шаруашылығына озық технологияларды енгізген, оның үстіне жиын-терім кезінде жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмыстарға көптеп тартады.
«Алғашқы көшеттерімізді 2019 жылы сәуір айында отырғызған болатынбыз. Негізі, бақтың жалпы аумағы 210 гектарға жетеді. Оның 150 гектарына алма талдар егілді. Интенсивті бақ тамшылатып суару жүйесімен қамтылған. Келесі жылы өнімділікті 2 000 тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз. Содан соң 7 000 тоннаға жеткіземіз. Өйткені, осы уақытқа дейін алма талдарымыздың биіктеуіне мән берсек, енді жеміс салуына күш саламыз», – деді агроном.
Жауапты маман бақта алманың 13 сорты өсірілетінін атап өтті. Оларды күтіп-баптайтын 27 маман бар. Сонымен қатар техникалық 10 қызметкер еңбек етеді. 7-8 гидротехниктер мен агрономдар жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақысы – 144 мың теңге.
«Бұл орайда маман тапшылығына кезігіп отырғанымызды жасырмаймын. Алайда, біз Құландағы ауыл шаруашылығы колледжінде білім алатын студенттерден шаруаға икемі барларды қатарымызға тартудамыз. Оларды өзіміз тәрбиелеп, үйрету үстіндеміз. Ал өнімдерімізді әзірге Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарында 170-200 теңгенің айналасында саудалап жатырмыз. Одан бөлек, жақында Нұр-Сұлтан қаласына жәрмеңкеге алып бардық. Елордалықтар ерекше ықыласпен сатып алды өнімдерімізді», – деді А.Рахымбердиев.