Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Ресейде оқитын ауған студенттері көмек сұрады

0 433

Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінде оқитын ауған студенттері оқуға бара алмай отырғандықтарын айтып, көмек сұрады,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі azattyq.orgсайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда оқитын студенттердің бірі 2 қарашада Азаттыққа берген сұхбатында «қазір Ауғанстаннан ұшақтар ұшпайды, студенттер шетелге не Иран, не Өзбекстан арқылы ұша алады. Иран арқылы үшу өте қымбат, ал транзит виза алу үшін Өзбекстан консулдығына келіп жүргенімізге 20 күннен асты. Консулдық жабық. Одан да ұзақ уақыт күтіп жүргендер де бар» деді.

Ол Мазари-Шарифтегі Өзбекстан консулдығына екінші рет келіп тұрғанын, консулдықтың әлі жабық екенін айтты.

«20 күн бұрын студенттерге Өзбекстан консулдығы виза беруі тиіс еді. Бірақ Өзбекстан елшілігі сайлауға байланысты жауып тастады. Сайлаудың біткеніне екі аптаға жуықтады. Бірақ елшілік әлі жабық. Кеше де келдім, бүгін де келдім. Олардан [күзетшілерден] себебін сұрасақ, «бір Құдай біледі» дейді. «Мұны Құдай емес, мұны адамдар істеп жатыр ғой» дедім. Себепсіз жабылып тұр. Қаншама студент күтіп жатыр» деді аты-жөнін атамаған студент Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жалпы Ресей, Түркия, Қазақстан, Қырғызстанда оқитын мыңға жуық студент бар. Олардың бір бөлігі бұған дейін Иран немесе Өзбекстан арқылы ұшып кеткен. Ал Қазақстанға келе алмай отырған ондаған студент бар. Қазақстанның Ауғанстан елшілігі «қолдан келгенше көмектесуге тырысқан». Бірақ жағдай қазір «Өзбекстан жағына тәуелді болып тұр» дейді ол.

Бұл жағдайды тағы бір студент те растап, суреттерді жіберді. Онда Өзбекстан консулдығына ұқсайтын ғимарат алдында рюкзак ұстаған бірнеше адамның тұрғаны көрінеді.

Азаттық тілшісі әзірге Өзбекстан СІМ-нен жауап ала алмады.

Тамыз айында Ауғанстанда тәліптер («Талибан» қозғалысына Қазақстанда тыйым салынған) билікке келгеннен кейін елде саяси-экономикалық, әлеуметтік дағдарыс ушыққан. Бұған дейін де көптеген ауған азаматы шетелге шыға алмай отырғанын айтып, көмек сұраған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.