Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім саласына зор басымдық берілуде

0 230

   Облыс орталығында білім саласында қарқынды дамып, ілгерілеу басым екені байқалуда. Қазіргі таңда Таразда 59 мектеп, 45 балабақша, 1 кешкі мектеп, 3 қосымша білім беру ұйымы және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, барлығы 110 мекеме жұмыс істеуде. Облыс орталығында 1-6 жас аралығындағы балалардың 85,1 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балғындардың 100 пайызы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Таразда жалпыға міндетті білім берумен – 76 771 бала қамтылған. Олардың ішінде 76522-сі күндізгі, 249-ы кешкі мектепте, 190-ы инклюзивті білім алуда,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жаңа оқу жылында барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра оқушылар офлайн форматта білім алуда. Дегенмен денсаулық жағдайына байланысты әрі ата-аналардың өтініші бойынша 473 балаға қашықтан білім берілуде. Таразда мектеп құрылысы да қарқын алуда. Оның дәлелі – биыл №2,16 мектептердің құрылысы аяқталып, Білім күніне орай пайдалануға берілді. Ал №22 орта мектептегі жаңа ғимарат құрылысы осы оқу жылының 2-тоқсанына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ №31 орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталмақ.

Облыс орталығында «Қауіпсіз мектеп» жобасы да жүйелі жүзеге асуда. Аталған жоба шеңберінде 7 мектепке 50,8 млн. теңге бөлініп, турникеттер орнатылуда. Сондай-ақ, мектептегі бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығына қосу жұмыстары және мамандандырылған күзет қызметі бойынша конкурс ұйымдастырылуда.
«Жомарт түлек» жобасы да жемісін беруде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облысымызда алғаш рет қолға алынған аталған жобаның маңыздылығы жоғары екені уақыт өткен сайын айғақтала түсуде. Жоба шеңберінде қала мектептерінде мектептерінде тұңғыш рет «Белсенді түлектер», «Түлек жолы», «Менің идеалым» кіші жобалары жүзеге асырылып, барлығы 14 млрд.теңгеге көмек көрсетілген.

Мейірімін төккен «Мейірім» жобасы шеңберінде шаһардағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, мамандық алып жұмысқа орналастыру, отбасын құру, тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде.

Бүгінде Таразда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 583 бала тіркелген. Олардың 346-ы қорғаншылық және қамқоршылықта, 81-і патронаттық тәрбиеде, 18-і отбасы үлгісіндегі балалар үйінде, 5-і қабылдаушы отбасында, 133-і балалар үйінде тәрбиеленуде.

Жобаға сәйкес қамқоршылық пен демеушілер арасында Тараз қаласы бойынша 205 балаға әлеуметтік келісім-шарт жасалып, әр баланың атына «Отбасы банк» АҚ-нан жеке есеп шоттар ашылып жалпы 14 млн 57 мың теңге аударылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.