Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздағы көшеге дала академигі Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілді

0 242

  Ағымдағы жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Мойынқұм ауданының тумасы Данқты шопанның мерейтойы аясында Тараз қаласында Жазылбек Қуанышбаевтың бейнесі суреттелген барельефі мемориалдық тақтаның, «Ауыл шаруашылығы» скверінің салтанатты ашылуы өтті.

Оған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, ардагерлер, Ж.Қуанышбаевтың туыстары қатысты.

Саябақ «Таразға тарту» жобасы аясында ауыл шаруашылығы және ветеринария саласы өкілдерінің қолдауымен абаттандырылған. Ол облыс әкімінің бастамасымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілген көшенің бойында орналасқан.

– Екі рет Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болған Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етудің, еңбексүйгіштік пен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісі болып табылады. Олардың есімдері тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте белгілі. КСРО-ның екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, биыл дала академигінің есімі мен мұраларын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол қаракөл қойының тұқымын сұрыптауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Ол өсірген қаракөл қойы шет елдерде жоғары бағаланды. Жазылбек Қуанышбаев еңбекке деген қабілеті мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Ол өзінің тәжірибесін жас шопандармен бөлісіп, балаларды жастайынан еңбекке баулыды. Бүгінгі таңда оның жұмыс тәжірибесін тарату, жас ұрпаққа еңбектегі ерліктері туралы насихаттау – аса маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Аймақ басшысы жаңадан ашылған сквердің қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі болатынына сенім білдірді.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те жиналғандарды құттықтады.

– Жазылбек Қуанышбаев қой шаруашылығының дамуына, мал басының өсуіне өлшеусіз үлес қосып, әр жүз саулықтан 130 қозыдан алған. Оның қажырлы еңбегінің арқасында сонау құмды өлкеде Қазақстандағы қой шаруашылығының негізгі базасы құрылды. Сол кезде Жазылбек Қуанышбаевтың есімі Одақ аумағында ғана емес, бүкіл әлемге тарады. Қазақ халқының даңқты перзентінің мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жамбылдықтарды шын жүректен қос мерекемен құттықтаймын! Еліміз дамып, нығайып, гүлдене берсін! – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Мойынқұм аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев атақты қойшы Жазылбек Қуанышбаев туралы естеліктерімен бөлісті.

– Жаз-ата бейнеленген барельеф пен саябақтың ашылуы біздің жастық шағымыздың нағыз батырын есімізге түсіреді. Табандылығымен, еңбегімен бүгінгі игіліктерді қамтамасыз етіп кеткен тұлғалардың есімін жас ұрпақ білуі тиіс, – деді ардагер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.