Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар ризашылығы

Отыз жыл жөндеу көрмеген жолдарға асфальт төселді

0 230

Жол – экономиканың күретамыры. Сол үшін бүгінде шаһар ішіндегі жолдарды жөндеуге ерекше екпін түсірілуде. Айталық, облыс орталығындағы 1388 көшенің 745-іне асфальт жабыны жабылса, 643 көшеге шағал төселіп, ретке келтірілген. Бұл жалпы жолдың 53,7 пайызын құрап отыр. Бұлардың ішінде бұған дейін мүлдем жөндеу көрмеген бірнеше бұрылыстар мен тұйықтар да бар.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша – 30, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 70, жергілікті бюджеттерден 91 жоба іске асырылуда. Осы орайда олардың 26-сы Тараз қаласына тиесілі екенін айта кеткен жөн.
Қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлының айтуынша, шаһардағы жалпы ұзындығы 1831,3 шақырым жолдың 1092,6 шақырымына асфальт төселген. Сондай-ақ жол құрылысы бойынша қалада 50 жоба қолға алынған. Бұдан бөлек, №14 шағынаудандағы ауруханаға, №31 мектепке және Жангелдин көшесінен «Тектұрмас» кешеніне апаратын жолдар жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілмек. Бұл құрылыс жұмыстарына 11 мердігер тартылып, жүздеген құрылысшы мен техника жұмылдырылған.
Шаһар жолдарының тақтайдай тегіс болуы өз кезегінде тұрғындарды қуанышқа бөлеуде.
– Таразда 30 жыл бойы жөнделмеген тұйықтар бар екені жасырын емес. Соларға биыл асфальт төселгеніне қуаныштымыз. Ой-шұқыры көп жолдар көліктерге де, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық тудыратыны шындық. Сондықтан асфальт төсеп, сапалы жолмен қамтамасыз еткен шаһар басшылығына алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны Рамазан Баударбеков.
Бүгінде жөнделіп жатқан барлық жолдар белгіленген мерзімінде аяқталады деп күтілуде.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.