Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Әулиеата жастары»: Қоныс тойы тойланатын күн алыс емес

0 521

Баспана мәселесін сөз еткенде, жүрегі сыздамайтын адам жоқ шығар, сірә. Ел егемендігін алып, қарыштап дамып келе жатса да, осы бір түйткілдің түйінін түбегейлі тарқату қиынға соғуда. Әсіресе жұмыс іздеп, қалаға арман арқалап келген жастардың баспанаға қол жеткізуі ең өткір мәселеге айналды. Алайда облыс әкімінің тапсырмасымен бастау алған «Әулиеата жастары» атты жоба үзілуге шақ қалған үміттерді қайта жалғағандай.

– Облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының аясында аймақ жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы әзірленді. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалды. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып және еліміздегі бірқатар облыс-тар мен қалалардағы оң нәтиже берген бағдарламалар негізге алынды. Жоба облыс әкімдігінде аппараттық кеңесте облыс әкімінің төрағалығымен, үкіметтік емес жастар ұйымдарымен және облыстық қоғамдық кеңесте талқыланып, түзетулер енгізілді. Бағдарламаны әзірлеуде «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы-ның 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңы, Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы, республикалық «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол карталары бағдаршам болды, – дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпарат. Алайда жобаның бағыттары қандай және ол жастарға қаншалықты қолжетімді болмақ?
– Жастар жалпы облыс халқының 22,4 пайызын құрайды (255 240). Оның ішінде экономикалық белсенді жастар саны – 167,0 мың адам. Жастардың 95 115-і (37,3%) қалада, 160 125-і (62,7%) ауылдық елді мекенде тұрады. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға ипотекалық кредиттеудің әртүрлі құралдары («7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери Баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «5-10-20» және т.б) қарастырылған. Жалпы облыста тұрғын үй алуға кезекте тұрған жалпы жастар саны – 4407, жер телімін алуға кезекте тұрған жастар саны – 6592. Өткен жылы екінші деңгейлі банк-тер арқылы ипотекаға тұрғын үй алған 2168 адамның 395-і жастар болды. Басқарма тарапынан әлеуметтік желіде жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес «Отбасы банкі» АҚ арқылы 1308 жастың ипотека арқылы тұрғын үй алуға ниетті екендігі анықталды. Оның 168-і жеке кәсіпкерлер, 376-сы мемлекеттік қызметкер, 336-сы бюджеттік мекеме қызметкерлері, 133-і жеке компания маманы, 1028-і сауда-саттық қызметкері, 112-сі жұмыссыздар, 346-сы студенттер және 168-і басқа да сала мамандары. Бағдарламаны іске асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард теңге қарастыру жоспарлануда. Бағдарламаны іске асыруға «Отбасы банкі» АҚ қызығушылық танытты. Жастарға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 13 миллион теңгені құрайды. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 5-50% (бастапқы төлем – 5-50% (кепілмен қамтамасыз ету жеткілікті болған жағдайда, не жылжымайтын мүлік түрінде қосымша кепіл, не «Отбасы банкінде» депозиті болғанда). Басқарма тарапынан жүргізілген зерттеудің аясында 13 миллион теңгеге дейін облысымызда 2386 көпқабатты тұрғын үй және 1034 тұрғын үйдің сатылымда бар екендігі анықталды. Осы ақпараттар негізінде жастарды тұрғын үймен қамту жұмыстарын қолға алмақпыз, – дейді басқарма басшысы С.Берікқожа.
Иә, жастарға арналған бағдарлама өзге өңірлерде қолданысқа еніп, жастардың алды пәтерлі болып жатыр. Ал біздің облыста бұл бағдарлама әзірленіп, ресми бекітілуін күтуде. Демек, жастардың легі қоныс тойын тойлайтын күн алыс емес деген сөз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.