Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біз қыдырып бардық»: Алматыда бес адамның өмірін қиған Игорь Дужновтың әйелі күйеуінің Украинада соғысқанын жоққа шығарды

0 797

Алматыда бес адамның өмірін қиған Игорь Дужновтың әйелі Анаид Демирчян күйеуінің Украинада соғысқанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, күйеуі екеуі ол жаққа қыдырып барған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін белгілі болғандай Дужновтың Тайландқа және Ресейге төрт мәрте, Қытайға үш рет, Түркия мен Нидерландыға бір рет жолы түскен.

«ҰҚК біздің демалыс үшін сапарға шыққанымызды айтты. Украинаға 2008 жылы бардық. Ол жерде Art фестиваліне қатыстық. Біз турист болып, демалуға бардық. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деді Анаид Демирчян.

Мұның алдында Дужновтың «Суть времени» сапында Донбасста ресейшіл сепаратистердің жағында соғысқаны жайында ақпарат тараған еді. Қарулы топтың құрамында жүрген Дужновқа қатты ұқсайтын адамның суреті де жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді. 

«Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.