Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлады деген айыппен сотталғандар сот шешімін өзгертуді сұрап, аппеляциялық шағым түсірді. Ерлі-зайыптылар үкімді жеңілдетуін өтінеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облыстық сотына Сәтбаевта бес жасар қыз баланы қорлау ісі бойынша сотталған ерлі-зайыптылардан үкімді жеңілдету туралы аппеляциялық шағымдар келіп түсті.
«Сотталғандар аппеляцияға берді. Алайда сот жабық процесті қарау сатысында түсініктеме бере алмайды», – деп түсіндірді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, бұл оқиға Сәтбаев тұрғындарының наразылығын тудырып, елді дүрліктірген болатын.
Оқиға 23 шілдеде болды. Сәтбаев қаласының полициясына Жезқазған тұрғыны өзінің 5 жасар қызы жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің барлық құрамы мен волонтерлер іздеу шараларының нәтижесінде 5 жасар бала көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінен табылды.
5 жастағы бүлдіршінге зорлық-зомбылық көрсетті деп қамауға алынған күдіктілерге қатысты алқабилер үкім шығарды. Аталған факті бойынша ерлі-зайыптылар барлық бап бойынша айыпты деп танылды. Олардың бірі өмір бойына бас бостандығынан айырылса, екіншісі, яғни әйел адам 22 жылға сотталды. Осы іске қатысы бар тағы бір азамат тергеу кезінде өз-өзіне қол салған болатын.