Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Көше күні» Жамбыл даңғылынан басталды

0 209

«Көше күні» жобасы аясында Жамбыл даңғылындағы «Домбыра» стелласының маңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Әрине, қаладағы әрбір көшенің атауы тектен-тек қойылмайды. Оның өзіндік мән-мағынасы, тарихы бар. Қаладағы даңғылдар мен үлкен көшелерге ұлы тұлғалардың есімін берудің өзі азаматтықтың белгісі деп білеміз. Осы тұста қала әкімдігі сол көшелерді жұртшылыққа насихаттап, жастардың танымын арттыруға басымдық беріп отырғаны қуантады. Әсіресе қала тұрғындары үшін тың жобаның облысқа есімі берілген, ұзындығы сегіз шақырымнан асатын шаһардағы ең ұзын даңғыл саналатын Жамбыл бабаның атындағы көшеден бастау алғаны ұтымды шешім болып отыр. Көшеге Жамбыл Жабаевтың есімі 1984 жылы қалалық атқару комитетінің шешімімен беріліпті.
Бұл күні «Домбыра» стелласының алдына сахна құрылып, ЛЭД экраннан Жамбыл Жабаев туралы бейнематериал көрсетілді. Ал киіз үйдің маңында спорттық іс-шаралар өтсе, «Көне Тараз» фольклорлық ансамблі нақышына келтіріп күй орындады. Әсіресе Жамбыл Жабаевтың образын сомдаған әртіс көпшілікті таңғалдырды. Ол «Отанды сүй» өлеңін оқып, жиналған жұртшылықты тәнті етті. Концерттік бағдарламада жамбылдықтарға жақсы таныс, әйгілі «Тараз» триосы «Жамбыл сарыны» әнін шырқаса, Жанқожа Асхат пен Ғани Біржан «Жаса Жамбылым» әнін тамаша орындады.
Жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева қалалықтарға таңсық болып отырған іс-шара жайында толығырақ айтып берді.
— Бүгінде «Көше күні» аясында қызықты сауалнамалар жүргізіп жатырмыз. Әсіресе «Менің көшемнің тарихы» тақырыбындағы сауалнама тұрғындарға таңсық болды. Бұл әрине қала тарихын тұрғындарға насихаттауға бағытталған. Бұдан бөлек, кітап және қолөнер бұйымдарынан жинақталған көрме, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жамбыл атындағы руханият орталығында Жамбыл бабаға арналған көрме ұйымдастырылуда. Бірі білсе, бірі білмейтін шығар, бірақ, облыста Жамбыл бабаның аты берілген 83 көше, бір аудан, үш елдімекен, бір даңғыл, бір кітапхана және он мектеп бар. Мұны өңір тұрғындары жақсы білу тиіс,- дейді бөлім басшысы.
Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша, мән-маңызы ерекше жоба жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ. Әрі жоба аясында қаладағы барлық көшені қамту көзделіпті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.