Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік құрдастары марапатталды

0 146

Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық  «Жамбыл дарыны» орталығының акт залында тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «30 жылдықтың озаттары» атты облыстық форумға өңірдегі оқу орындарының студенттері, еріктілер мен жастар қатысты. Жиынның шымылдығы Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық  «Жамбыл дарыны» орталығы оқушыларының орындауындағы күймен түрілді. Өз кезегінде сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры  Айбек Тәутен жастарды мерекемен құттықтады.

– Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз сан түрлі қиындықтан өтіп, талай белесті бағындырды. Бүгінгі шараға өңіріміздің әр аймағынан келген тәуелсіздік құрдастары, әртүрлі санаттағы жастардың белсенді өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, ауыл жастары қатысып жатыр. Еңселі елімізбен бірге өсіп, өркендеп келе жатқан жастардың бүгінгі қарқыны, білімге деген құлшынысы көңіл қуантады, – деді Айбек Тәутен.

Содан кейін орталық директоры тәуелсіздік құрдастарын марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті. Марапатталушылардың ішінде әр ауданнан келген жас мамандар, өрт сөндіруші, дәрігер мен  ұстаздар бар.

– Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан шара біздерді қанаттандырады. Тәуелсіздік құрдастарының өзі орда бұзар жасқа жеттік. Бүгінде біраз асудан асып, талай белесті бағындырып жүрген қатарластарымызды көргенде қуанасың. Елімізбен бірге өсіп келе жатқан біздер кейінгі ұрпаққа үлгі болуымыз керек. Мен ағылшын пәнінің мұғалімі болып ауылда қызмет етіп жүргеніме 6 жыл болды. Біздің аудан ҰБТ бойынша облыста көш бастап тұр. Бүгінде ұстаздарға мемлекет барынша қолдау көрсетіп жатыр. Біздер соның бағасын біліп, бала оқытуда аянбай еңбек етуіміз керек, – дейді Жамбыл ауданы, Бірлесу-еңбек ауылының мұғалімі Жансейіт Шоқаев.

Облыстық форумның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.