Отандық әнші Серік Ибрагимов желіде тарап кеткен төбелестің видеосына қатысты пікір білдірді. Айтуынша, бұл тек қана түсірілім сәтінен кадрлар болған, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Kznews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Осыдан бір ай бұрын Instagram желісінде қазақстандық әнші Серік Ибрагимовтың біреумен төбелесіп жатқан видеосы тарап, елдің қызу талқысына түскен болатын. Ашуға булыққан өнер иесінің өзге ер азаматпен жұлысып, оған жұдырық көтергенін көруге болады. «Paparazzi» бағдарламасына сұқбат берген әнші жуырда ғана жаңа бейнебаян түсіргенін және желіде тарап кеткен төбелестің видеосы сол клиптің кадрлары екенін жеткізді. Алайда әнші өмірде де қызуқандылыққа бой алдыртып қоятынын жасырмады.
«Шама келгенше сабыр сақтауға тырысамын кез келген жерде. Бірақ кейде сөйтіп ашуға бой алдырып қоямын. Осы мінезіммен, осы кемшілігіммен айналысып жатырмын. Ешкімге тиісу деген жоқ менде.
Шама келгенше барлығымен жақсы қарым-қатынаста болғым келеді. Күліп, көңілді болып жүремін. Бірақ, солай болып қалады екен өмірде», – деді әнші.