Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нұрлан Ноғаев: Қала құрылысының бей-берекет салынуы – бұл халықты құрметтемеу деп білемін

0 306

Қазанның 7-күні Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы талқыланған жиын өтті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуге облыстағы құрылыс компанияларының басшылары мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
​Жиын барысында Нұрлан Ноғаев қала салуда қарапайым талаптардың сақталмай отырғанын сынға алып, Ақтау қаласының әкіміне, облыстық құрылыс басқармасы мен қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшыларына тексеру жүргізіп, құрылыстардың бас жоспарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Халық жекелеген шағынаудандарда құрылыстардың өте тығыз салынып жатқанын айтуда. Тұрғындардан жаңа шағын аудандарда мектеп пен балабақшалардың жоқтығына қатысты шағым да көптеп түсуде. Олар балаларын қайда апарады? Түсінемін, сіздер пайда тапқыларыңыз келеді, бірақ олай болмайды ғой. Бұл үйлерді тұрғызғанда не ойладыңыздар? Қала құрылысының ретсіз салынуы – бұл бірінші кезекте халықты құрметтемеу. Сонымен қатар өңірде кейбір нысандардың жобалық-сметалық құжатынсыз салынып жатқаны туралы ақпарат бар. Қалаған жерге зәулім сарай көтере берсек, бас жоспардың қажеті не? Барлық құрылыс заң аясында жүргізілуі тиіс. Бұл жауапты органдардың өзара заңсыз келісімінің нәтижесі, мәселені анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырамын,-деді аймақ басшысы.

Жиында үлескерлер мәселесі де көтерілді.

– Кейбір құрылыс компанияларының жауапсыздығынан тұрғындар зардап шегуде. Алаяқ компаниялардың арбауына түскен жүздеген адам баспанасыз қаламыз ба деп қауіптенеді. Маған, менің әріптестеріме құрылысшыларға үйлерді аяқтауды міндеттеуді сұрап күніне бірнеше адам хабарласады. Қолмен жасағанды мойындарыңызбен көтеріңіздер. Шамаларыңыз келмесе міндеттеме алмаңыздар. Осындай мәселенің алдын алу үшін жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдарының басшыларында барлық мүмкіндік бар, жұмыстаныңыздар,-деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі сондай-ақ, Президент тапсырмасына сай игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару қажеттігін айтты. Осы орайда орынбасары Ғалымжан Ниязовқа облыс көлеміндегі бос жерлерге мониторинг жүргізіп, кері қайтаруды тапсырды. Заң аясында әрекет етіп, бұл мәселеде босаңсуға болмайтынын мәлімдеді.

– Тұрғындар тарапынан Шетпе маңындағы карьерге қатысты да шағым түсті. Қиыршық тас өндіретін карьерлерден шаң көтеріліп, адам денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтуда. Тексеру жүргізіңіздер. Мұнда прокуратура өкілдері отыр, солармен бірлесіп, заң аясында тиісті шара қолданыңыздар, -деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.