Бүгін жамбылдық шаруаларға судай жаңа 13 дана ауыл шаруашылығы техникалары үлестірілді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Бұл техникалардың 12-і ескірген тракторларды жаңартуға бағытталған «Trade-In» бағдарламасы аясында жылдық үстемесі 6 пайызбен 5 жылға несиеге берілсе, 1 техника Жуалы ауданындағы жаңадан құрылған «Жуалы-2020» ауыл шаруашылығы кооперативіне жылдық жарнасы 6 пайызбен лизингкке беріліп отыр.
Аталған бағдарлама өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Агромашхолдинг KZ» АҚ арасында жасалған Меморандумға сәйкес жүзеге асырылған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты шаруаларға өздерінің қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларын сатуға мүмкіндік жасап және алынған соманы шегере отырып, жаңа модельдерді лизингкке беру болып табылады.
Өткен жылы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қарасты «Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы «Trade-In» бағдарламасы аясында 22 дана ауыл шаруашылығы техникалары берілсе, оның 12 данасы ескірген тракторларды жаңарту бағытында, 10 трактор жылдық жарнасы 5 пайызбен лизингкке берілді.
Жалпы аймақта 12 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Оның ішінде 4564 трактордың 1 мыңнан астамының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни 25 пайызының тозығы жеткен. Ал 10 жылға дейінгі пайдаланудағы техника саны 1534 дана (34%).
Биыл облыстағы техникаларды 10 пайызға жаңарту жоспарланса, бүгінгі күні 1 054 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 8,6 пайызға жаңартылып отыр. Осы алынған техникаларға инвестициялық субсидия арқылы 1 852,1 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіліп, алынған техника құнының 25 пайызы төленіп берілді.
Айта кету керек, бүгінгі берілген техникалардың жалпы құны 150,6 млн. теңгені құраса, трактор құнының 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондай-ақ агротехниканы алушы шаруашылық өкілдері жылына бір рет негізгі сомманы төлесе, әр жарты жыл сайын пайыздық үстемесін төлейді.