Шымкенттік журналист Ерболат Айнабеков Facebook парақшасында өзін мәдениет үйінің қызметкері қарғағанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналист желіде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің қызметкері Жанар Сәмбетованы сынап жазған.
“Кеше Шымкент қаласында «Күміс қалам» поэзиялық кеші өткені белгілі. Ол кешке біз де қатыстық. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының есім-сойын Ақұштап Бақтыгереевамен шатастырғанына қынжылғанымыз рас. Егер Хан-апаның аты-жөнін кешті жүргізушілер шатастырып алып жатса, оларға да ренжіген болар едік. Бұл жолы үлкен бір мегаполистің бас идеологының тақыр жерден сүрінгенін тым ерсі көрдік. Және ол ойымызды әлеуметтік желіде ашық білдірдік те. Мақсат – Шыңғыс Мұқанды түкке алғысыз қылып тастау емес, алдағы уақытта мүмкіндігінше қателеспеуге, барынша сақ болуға шақыру”, – дейді Ерболат Айнабеков.
Журналисттің айтуынша, осыған бола кештің жүргізушісі Жанар Сәмбетова кәдімгідей дөңайбат көрсеткен.
«Інім, Шыңғыс Мұқан да қателесті, мен де қателестім, адам атаулы қателеспей тұра ма, алдағы уақытта ескерерміз, мына постыңды алып тастайсың ба?» демейді. «Сыртыңнан оқытып, малыңды шығарамын» дейді. Өзінің айтысына қарағанда бұл кісінің баласы қайтыс болған көрінеді. Шын жүрегіммен көңіл айтамын! Бірақ, баласы қайтыс болған аналардың барлығы жұмысын сынаған адамдарды қарғай беретін болса, мына өмірде не мән қалады? Мемлекеттен жалақы алып, мемлекеттің жұмысын істеп отырғаннан кейін жұртты қарғаумен емес, жұмысын барынша жетілдіруді ойлау керек деген пікірдемін”, – дейді ол.
Осыдан соң оның телефонына Сәмбетова хабарласып, қарғыстайтынын жеткізген.
“Бұдан кейін көр, жолың жүре ме, жүрмей ме? Бұдан кейін мен сенімен жеке сөйлесемін. Сені тауып аламын да, суретіңе қарап өзім оқимын. Маған десең тағы да пост шығар. Ештеңеден қорықпаймын. Мен бата алған қызбын, сыртыңнан оқимын. Бір апта оқитын боламын. Содан кейін жолың жүре ме көресің. Мен қазір әртіс қыз, арқалы қызбын”, – дейді әйел.