Иманбек Зейкенов “Грэмми” жүлдесін жеңіп алғанын Instagram-дағы оқырманынан естіген. Алайда диджей оның қандай сыйлық екенін түсінбеген. Бұл туралы Иманбек Лаура Джугелияға берген сұхбатында айтты. Ол Fametime TV арнасында жарияланды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
“Жүлдені алған сәтте “Грэммидің” не екенін де білмедім. Маған оны “Музыкалық Оскар” деп түсіндірді. Яғни бұл сөзді естігенмін, бірақ ешқашан мән бермеппін”, – деді Иманбек.
Өнерпаз бұл жаңалықты алғаш естіген сәті туралы айтты.
“Instagram-ның тікелей эфирінде оқырмандарыммен тілдесіп отырғанымда біреу: “Құттықтаймыз! Сіз “Грэмми” жеңіп алдыңыз”, – деп жазды.
Түсінген жоқпын. Эфирді аяқтап, Кириллге (Кирилл Лупинос, Иманбектің продюсері): “Біз “Грэмми” жеңіп алдық па?” деп жаздым. Сол уақытта өзім гуглдан “Грэммидің” не екенін қарап отырдым”, – деп күлді Зейкенов.
Қандай марапатқа ие болғанын түсінген Иманбек бүгінде өзін мақтан тұтанынын атап өтті.
“Мұндай болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Өзім армандауға қорыққан арманым орындалғандай”, – деді ол.
Роза Рымбаева Иманбектің бұл жеңісін сәттілікке балаған болатын. Иманбектің бұған көзқарасы қандай?
“Ол – оның субъективті пікірі. Қуандым дей алмаймын, бірақ көңіліме алмадым. Жалпы сынға ренжімеймін. Ал негізсіз сын болса, мүлдем мән бермеймін”, – деді Иманбек.
Сөзіне қарағанда, әлеуметтік желіде оған жағымсыз пікірлер сирек жазылады.
“Негізсіз сын жазылса, жақтаушыларым ол адамды жеп қояды. Ақырында өзі шығып кететіндей немесе пікірін өшіретіндей жағдайға жеткізеді”, – деді Иманбек.