Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жақсы жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді

0 281

Ағымдағы жылы өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 95 пайыз, елді мекен көшелердің көрсеткішін 79,2 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Басқосуда баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша ағымдағы 479,1 шақырым жолдарды жөндеумен қамту жоспарланған. Олардың  177,9 шақырымы облыстық, 36,3 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, ал, 264,9 шақырымы елді мекен көшелері.

– Жалпы 191 жоба, нақтырақ айтсақ «Нұрлы жол» бағдарламасымен – 30 жоба, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен – 70 жоба және жергілікті бюджеттерден 91 жоба іске асуда. Одан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жолдарды күтіп ұстау жұмыстары аясында да бірқатар жұмыстар өндіріс кестесіне сәйкес жүргізілуде,-деді Б. Жәнібеков.

– Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың бұзылуына жол бермеу мақсатында, Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жалғасуда. Биылғы жылдың 8 айында Инспекциямен бірлескен рейдтерде 4608 автокөлік құралдары тексерілді. Нәтижесінде, 943 әкімшілік хаттамалар толтырылып, 23,2 миллион теңге айыппұл салынып, 19,4 миллион теңгесі өндірілді. Дегенмен, алдағы кеңестерде айтылып жүргендей бұл бағыттағы мәселелер түбегейлі өз шешімін таппай отыр. Олар, жылжымалы бекеттердің жетіспеуі мен олардың көбіне республикалық жолдарда дислокациялануы,- деген басқарма басшысы Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстарының үлгісінде, 2022 жылы тек жергілікті жолдарды бақылау шартымен облыстық бюджеттен 1 дана арнайы жылжымалы көліктік бақылау бекетін сатып алуды ұсынды.

Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қазан-желтоқсан айларында қысқы күтіп-ұстауға 78,5 млн.теңге қаралып, бұл жұмыстарға 12 мердігерлік ұйымдар тартылған. Әзірге 2200 тонна құм,  250 тонна тұз дайындалды.  Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігер ұйымдар тарапынан 118 бірлік жол техникалары жұмылдыру жоспарланып отыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ  Жамбыл облысы филиалының  директоры Айжан Туғанова өңірдегі Республикалық маңызы бар автомобиль  жолдарының  қыс  мезгіліне   дайындығы  және жол- пайдалану  техникасының күтіп ұстау туралы баяндады.

– Филиал тарапынан  63 бірлік техниканы  жұмылдыру  жоспарланып  отыр, бүгінде олар    92 пайызға дайын. Республикалық  маңызы  бар  автомобиль  жолдары  өтетін  Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай  аудандары және Тараз қаласында 9 жылу  пункті  және 3 өндірістік  базалары  қыс  мезгілінде  қызмет  көрсететін   болады,-деді А. Туғанова. Облыс әкімі жол бойында сервис орталықтарын көптеп салудың маңыздылығына тоқталып, «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автожолының бір бағыты бойынша жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау керектігін айтты.

– Басталмаған жобалар бойынша жұмыстарды уақыт созбай қолға алу керек. Жолдардың сапасын тексеру шараларына баса назар аударыңыздар. Жылда қайта-қайта жөндеуге қаржы ысырап болмауы тиіс.  Қыс мезгіліне 100 пайыз дайындықты қамтамасыз етіңіздер. Жыл қорытындысымен тиісті индикаторлар бойынша белгіленген межеге қол жеткізіп, бөлінген қаражаттар тиімді, толығымен игерілуі қажет. Бұл салада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыстар жүргізуді пысықтаңыздар,-деп Бердібек Сапарбаев бірқатар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аймақ басшысы жыл аяғы таяп қалғанын ескеріп, әлі де құрылысы басталмаған, аяқталмаған жолдардың бар екеніне назар аудартты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.