Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда 100-ден асқан 8 қария тұрады

0 873

Ғасыр жасап, жүзжылдықтың куәсі болу – кез келген жанға бұйырмаған бақыт. Қазыналы қарты бар үйдің керегесі алтын.

Қарттар күні мерекесі қарсаңында жүз жасаған жүрек иелерін іздеп шарқ ұрдық. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің берген дерегі бойынша қалада 8 жүз жасаған қария тұрады деген мәлімет алдық. Және де мұнда Қарттар күніне орай жүзге толған және жүз жастан асқан қарияларды құттықтау кестесін құрып, әр мекемеге тапсырған екен. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі өз міндетін алғашқылардың бірі болып атқарып, 100 жастағы Надежда Марковаға азық-түлік жеткізіп берді.
Қалған мекемелер өз сый-сияпатын қарттарға 1 қазан күні жеткізіп бермекші.
Тілшілер басқа да қариялармен кездесуге ниет білдірген сәт туыстары сұқ көзден қызғыштай қорып, пандемиядан сақтанса, енді бірінің ұялысы қате болып, кездесудің сәті түспеді.
«Астана» ықшам ауданында тұратын Павел Плугин есімді 100 жасаған қартты іздеп бардық. Алайда есікті ешкім ашпады. Ал биыл 106 жасқа толған Нұрлыгаян Шангареева әжейдің отбасы тілшілермен тілдесуге қарсы болды. Тіпті «Туған күні немесе мерекесімен ешкім құттықтап келмеді» деген өкпе-наздарын жеткізгендер де бар.
Біз де осы орайда өз тарапымыздан қазыналы қарияларымыз жайлы қала әкімдігі арнайы есебін жүргізіп, көп жасаған жүректердің өмір деректерін жинақтап, топтама шығарса құба-құп болар еді деген ұсынысымызды айтқымыз келеді.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.