Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылполитехте жас спортшыларға барлық жағдай жасалған

0 227

«Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған халқымыз. Әсіресе қазіргідей індет жайлаған кезеңде адамдар денсаулығына үлкен мән бере бастады. Ауырмаудың жолдарын іздеп, түрлі сауықтыру шараларын да қарастыруда. Жастардың жаппай спортқа бет бұруы олардың ағзаларының дұрыс жетілуіне зор ықпалын тигізбек. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деген еді.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі әкімшілігі студенттердің денсаулығының мықты, денелерінің шымыр болуына барлық жағдайды жасап келеді.
– Спортпен айналысу күнделікті күн тәртібінен түскен жоқ. Колледж қабырғасында оқыған 3-4 жыл ішінде дене тәрбиесі сабағында жоспар бойынша жаттығу жасайды, нормативтер тапсырады. Жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыра беруіміз керек, – дейді колледж директоры Дүйсенбек Абдраимов.
Екі оқу корпусындағы спорт залдары мен алаңдарында сабақ кестесі бойынша дене шынықтыру пәні ғана өтпейді. Онда әртүрлі спорт секциялары бойынша жастар жаттығады. Колледжде ұйымдастырылған «Олимп» спорт клубында футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика және көше ойындары (стрит воркаут), қол күресі (армреслинг), үстел теннисі, ұлттық ойындар (асық ату, ләңгі тебу, бес тас, кір тасын көтеру, арқан тарту), зияткерлік ойындар (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ), денені шынықтыру (бодибилдинг) сияқты үйірмелер жұмыс істеуде.
Колледжіміздің бір кездегі түлектері бокстан Олимпиада ойындарының 2 дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Болат Жұмаділов, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаровтың үлкен спорттағы жетістіктері жастарды биік белестерді бағындыруға жетелеуде. Жақында ғана даңқты гвардия майоры Рәтай Сұлтанбековтің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған қыздар арасындағы қалалық жеңіл атлетикалық жүгірісте «Дизайн және тоқыма» бөлімінің 2-курс студенттері Сымбат Жардамбай мен Қымбат Жардамбай қатысып, І және ІІ дәрежелі дипломдармен, арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Тән саулығы – жан саулығы» демекші, қозғалыс, қимыл денсаулыққа пайдалы екенін студенттер де жақсы біледі. Олар күнделікті жаттығуларынан қалмай, спорттық жарыстарда тек жеңіс тұғырынан көрінгісі келеді. Мақсаттарына жетуіне біз қашанда тілектеспіз.

Бақыт Сейтова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Дене тәрбиесі мен АӘД және өзін-өзі тану» пәндерінің ЦӘК меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.