Алматыда бес адамды атып өлтірді деген күдікті Игорь Дужновқа қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында Игорь Дужнов адамдарды өлтіргеніне өкінетінін жеткізді. Ол өзін мұндай жағдайға «сот орындаушысының заңсыз әрекеті, заңсыздық пен сот жүйесі» жеткізгенін мәлімдеді.
«Өз үйімді, отбасымды, балаларымды қорғаймын деп аффект күйінде не істегенімді түсінбедім. Бұған өкінемін. Құрметті сот, мен жауап беруден бас тартамын. Бұдан артық сөйлей алмаймын», – деді ол.
Дужновтың адвокаты соттан күдіктінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сотты жабық режимде өткізуді сұрады. Алайда сот БАҚ өкілдерін қатыстырмау туралы өтінішті қанағаттандырмады және онлайн тыңдауды ашық режимде жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұдан соң заңгер судьяға қарсы наразылығын жеткізді. Адвокат күдіктінің мекенжайын құпия сақтап, күзет беріп, үйқамаққа жіберу қажеттігін айтты.
Алайда судья Жанәбіл Ақынов процесс ашық режимде өтеді деп шешті. Бұдан соң адвокат судьяны ауыстыруға өтінішхат жазды, алайда ол қанағаттандырылмады.
Судья Жанәбіл Ақынов Дужновты екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарды. Мерзім ұсталған уақыт 20 қыркүйек сағат 18:00-ден бастап есептеледі.
Журналистерге сот залында болуға да, процесті видео байланыс арқылы көруге де рұқсат берілді. Алайда материал жариялау үшін прокурор келісімі қажет. Өз кезегінде прокурор БАҚ бұлтартпау шарасын таңдауға қатысты сот шешімін ғана жариялай алады деп шешті.
Сондай-ақ Алматы қалалық соты бұдан бұрын Дужновтың ақша алып, қайтармаған таныстары оны алты рет сотқа бергенін мәлімдеді. Тіпті 18 рет жеке сот орындаушылары оны сотқа жауапкер ретінде шақырған. Бұдан бөлек, тағы тоғыз рет оның мүлкіне тыйым салуға және мәжбүрлеп сотқа келтіруге тырысқан.
«2014-2021 жылдары Игорь Дужнов алты азаматтық іс бойынша сотта жауапкер болған. Ол ұзақ уақыт бойы қарызын өтемеген: кейбіреулері үш, ал басқалары үшін алты жыл. Сондықтан екі адам одан жалпы сомасы 6,5 миллион теңге қарызды өндіріп алу үшін жүгінген. Сонымен қатар, ЖСШ бес миллион теңгені қайтару туралы және банк 118 миллион теңгені қайтару туралы талап арыз берген», – деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің маманы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Оның айтуынша, үш сот шешімі бойынша Дужновтан 130 миллионға жуық теңге өндірілген.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық сот Игорь Дужновтың әйелінің шағымын қарауды кейінге шегерген болатын.
20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді.
«Кісі өлтіру» және «Билік өкіліне шабуыл жасау» баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар бұған дейін Алматы қалалық соты Игорь Дужнов пен Анайда Демирчян өз құқықтарын қорғауда қателіктер жібергенін айтқан болатын.