Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдықтар «Әулие-Ата» ескерткішіне неге табынады?

0 312

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау кезінде күтпеген жағдай орын алды. Тараз қаласының тұрғыны Қуанышбек Әлишеров «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніне қойылған  «Әулие-Ата» ескерткішіне адамдар табынып жатқандықтан оны алып тастау туралы ұсыныс айтып, аймақ басшысын аң-таң қалдырды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Десе де облыс әкімі тұрғынға бұл ескерткіш діни негіздегі нысан еместігін барынша түсіндірді.

– Мұндай ескерткіштер табыну орындары болып табылмайды. Көпшілік Жамбыл облысы десе, Әулиеатаны еске түсіреді. Тіпті  бірқатар азаматтар бұл жерді Әулиеата өңірі деп те атайды. Ал  біз жас ұрпаққа Әулиеата кім екенін тек сөзбен ғана жеткізбей, осындай ескерткіштермен ұғындыра аламыз. «Әулие-Ата» ескерткіші – монументтік өнер құрылысы. Және ол ескерткіш орнатылған орын туристерге тарихы терең Тараздың кешегісін танытып, тынығуға арналған.

Осы секілді тарихи, мәдени ескерткіштер келешек ұрпаққа өз елінің, жерінің өткенін танытатын құрал саналады. Кешегімізге қарап, болашағымызға бағыт алатынымызды ұмытпайық. Қазақстан зайырлы және құқықтық мемлекет. Діни ұстанымдар әр адамның өзіндік наным-сеніміне қарай жүргізіледі. Егер сол ескерткішке табынатындар болған жағдайда сондағы бейнебақылау камералары арқылы анықталып, тәртіпті қадағалаушы полиция қызметі тарапынан түсіндірме жұмысы жүргізіледі, – деді Бердібек Сапарбаев.

Осы орайда айта кететіндігі «Әулие-Ата» ескерткіші Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған «Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі» комиссия отырысында 2019 жылдың 25 қазанында қаралып, бір ауыздан орнатуға рұқсат берілген.

Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.