Талғар тұрғыны Альбина Ташмұхамедова қызының төрт жасқа толса да әлі күнге дейін сөйлемеуіне ұлттық тасымалдау қызметкерін кінәлайды. Қазақстандықтың айтуынша, бұған баланың екі жыл бұрын пойызда алған күйігі мен күйзелісі себеп болған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
2019 жылдың жазында әйел Ресейде тұратын ата-анасына бару үшін пойызбен жолға шығады. Ол сапарға өзімен бірге сол кезде 6 және 1 жарым жаста болған қыздарын бірге ертеді.
Ташмұхамедованың сөзінше, Бейнеу станциясына жетпей пойыз күрт қозғалып кетіп, салдарынан бір стакан қайнаған су оның балаларына төгіліп кеткен. Күйіктен кішкентай қызы қатты зардап шекті: оның мойны, иығы мен қол асты күйіп қалады. Бүлдіршіннің терісі түсе бастаған.
Альбинаның сөзінше, пойызда күйікке қарсы дәрілер болмай шыққан. Нәтижесінде пойыздағы жолаушылардың бірі жақпа май беріп, екіншісі ауыруға қарсы дәрілер беріп баланың жағдайын жеңілдетуге көмектеседі. Жарты сағаттан кейін жолсеріктер қызды қызмет көрсету бөлмесіне алып барып, оның денесіне тіс пастасын жағып тастаған.
Станцияға келгеннен кейін әйел балалармен бірге медициналық кабинетке барып, онда оларға жедел жәрдем шақырылады. Дәрігерлер қызға укол салып, күйіктің орнын арнайы дәрімен тазалайды. Олар баланың жағдайы сапарды жалғастыруға кедергі келтірмейтінін айтқан. Альбина мен оның қыздарын ана мен бала бөлмесіне орналастырып, олар түнде келетін Ресей бағытындағы пойызды күтеді.
Мұнымен қазақстандық әйелдің шағымы әлі бітпейді. Түнде ол пойыздың келмейтінін біледі. Билеттерді Ресейге немесе қайта Алматыға ауыстырып беруін өтінген әйелдің сұранысы орындалмайды. Оған тек ақшасы қайтарылып беріледі.
Таңертең ұзақ жалыныш пен қорлық көрген Альбина мен оның балаларына Маңғыстау-Алматы пойызына отыруға рұқсат етіледі. Олар мейрамхана-вагонына орналасуға мәжбүр болады. Түнде күйік шалған баланың денсаулығы нашарлап кетеді. Әйелге жолдағы жолаушы көмек қолын созады. Олар Қызылордадан түсіп қалып, қайтадан жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер қызға тағы да укол салып, жарасын таңып береді. Осыдан кейін жомарт жандар Алматыға дейін билет алып беріп, Альбина келген соң баланы ауруханаға жатқызады.
Осы оқиғалардан кейін Талғар тұрғыны құқық қорғау органдарына жүгінеді. 344-бап бойынша қылмыстық іс қозғалады. Алайда іс аяғына дейін жетпеді – ол қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылады.
Ал «ҚТЖ» компаниясы бұл жағдайға мүлде басқаша түсінік береді.
«Кезекші жолсерік Ж.Қ.Мұқашов балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Пойыз бастығы Ж.М.Манатауов Бейнеу станциясына жедел жәрдем бригадасын шақырған. Келген дәрігерлер баланы тексеріп, қажетті медициналық шараларды жүргізген. Осы ретте А.Р.Ташмұхамедова ауруханаға жатудан кезекті рет бас тартқан», – деді компания.
Компания сондай-ақ, жәбірленушіге жанашырлық танытып, баланың емдеуіне қаражат жинауды ұйымдастырғанын мәлімдеді. 650 мың теңге көлемінде жиналған қаражат әйелдің ұлының банк картасына аударылған.
«Осыдан екі жыл бұрын, менің балам қатты ауырып жатқанда олар ешнәрсе істеген жоқ. Енді қазір мен бұл мәселені көтеріп, шу басталған уақытта ақшалай көмек бергісі келіп қалыпты. Тіпті олар бұл ақшаны менің рұқсатымсыз қарапайым жандардан жинаған», – дейді Альбина бұл мәселе туралы.
Ташмұхамедованың айтуынша, оның баласы қазіргі таңда да көмекке зәру. 4 жасқа толған қыз бала әлі сөйлемейді, ал анасы болса мұны кішкентайында алған күйзеліспен байланыстырады.
Қазіргі уақытта қазақстандық ҚТЖ-ны сотқа беру үшін жақсы заңгер іздестіріп жатыр. Ол тәртіпті бұзған қызметкерлерді жазаға тартып, компания тарапынан өтемақы алғысы келеді.